«Әділет» партиясы еліміздің барлық өңіріндегі облыстық филиал басшысы толық жасақталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстанның барлық өңірінде өткен конференциялардың қорытындысы бойынша партияның облыстық филиал басшысы, Саяси кеңес мүшелері және Тексеру комиссияларының құрамы сайланды. Жиындарға облыстық, қалалық және аудандық филиалдардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ жаңадан сайланатын басшылық органдардың мүшелері қатысты.
Конференциялардың күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты үндеуін қолдау болды. Сонымен қатар қатысушылар партияның өңірлік құрылымдарын қалыптастыру және жергілікті деңгейдегі жұмысын күшейту мәселесін талқылады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының барлық өңірлік филиалдарының басшылық құрамы толық бекітілді. Саяси кеңестердің құрамына 808 адам енді.
Олардың арасында шағын және орта бизнес өкілдері 22,8 пайызды құрайды. Білім және ғылым саласының мамандары 13 пайыз, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері 10,2 пайыз болды. Мәдениет және спорт саласының өкілдері 8,9 пайызды, өнеркәсіп саласының мамандары 7,5 пайызды құрады.
Саяси кеңестер құрамында көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өкілдері 6,7 пайыз, денсаулық сақтау қызметкерлері 5,6 пайыз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 5,4 пайыз болды.
Тексеру комиссияларының құрамына 100 адам сайланды. Олардың басым бөлігі экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп және құқық салаларында тәжірибесі бар мамандар.
Осылайша, «Әділет» партиясының өңірлік филиалдарын құру және басшылық органдарын қалыптастыру кезеңі толық аяқталды. Енді партия филиалдары өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс жүргізуге, жергілікті бастамаларды іске асыруға және бөлімшелердің қызметін дамытуға кіріседі.
Партия үшін бұл кезең ұйымдық құрылымды нығайту ғана емес, өңірлердегі нақты қоғамдық сұраныспен жұмыс істеуге көшу дегенді білдіреді. Алдағы уақытта филиалдардың тиімділігі олардың тұрғындармен байланысына, жергілікті мәселелерді көтеруіне және партиялық бастамаларды нақты нәтижеге жеткізуіне байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







