Серік Жұманғарин премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті Жарлыққа әзірде президент Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осылайша, Жұманғарин Үкіметтегі шешуші экономикалық блоктың тізгінін сақтап қалды. Оның құзырында экономикалық және салық саясаты, бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік пен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі қалады.
Ол Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі қызметін 2024 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келеді.
«Солай-ақ болсын»
Серік Жұманғариннің есімі кейінгі бір жылда Үкімет пен бизнес арасында қызу талқыланған салық реформасымен тікелей байланысты.
2025 жылғы желтоқсанда журналистер одан ұсынылған өзгеріс күткен нәтиже бермесе, жауапкершілікті кім арқалайтынын сұраған. Жұманғарин реформаның нәтижесіне жауап беретінін айтып, өзіне тағылған бейресми атауды да қабылдады.
«Осы реформаға мен жауап беремін, ал әріптестерім өз бағыты бойынша жауапты. Үкіметтегі экономикалық және қаржылық саясатты жалпы үйлестіру маған жүктелген. Жуырда біреу мені “салық реформасының әкесі” деп атапты. Солай-ақ болсын. Ешқандай “егер” жоқ, бәрі ойдағыдай болады деп сенеміз», – деген еді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер сол кезде ұсынылған өзгерісті экономикалық тәжірибе деп атауға келіспеген. Оның айтуынша, шешімнің бәрі нақты есепке және халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленген.
Қайта тағайындау салық реформасын жүзеге асыруды оны әзірлеуге тікелей қатысқан әрі нәтижесі үшін көпшілік алдында жауапкершілік алған шенеунік әрі қарай қадағалайтынын білдіреді.
Сауда-саттықтан ұлттық экономикаға дейін
Серік Жұманғарин әр жылдары Ұлттық экономика вице-министрі болып, Қазақстан атынан Еуразиялық экономикалық комиссияда қызмет атқарды. Кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарды.
2022 жылы Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. Артынша вице-премьер қызметін жалғастырып, 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық экономика министрлігінің тізгінін қатар ұстады.
Жаңа Үкімет құрамында да осы міндет Жұманғаринге сеніп тапсырылды. Енді қоғам мен бизнестің назары оның өзі жауапкершілік алған салық реформасының нақты нәтижесіне ауады.
Бұған дейін президент Тоқаев Үкіметтегі Бектенов-Жұманғарин тандемінің жұмысына оң баға берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







