Бүгін, 13 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдің 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы және тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану мәселелері қаралды. Жиын тікелей эфирде өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инфрақұрылымды жаңарту және жөндеу жұмыстары
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше, биыл жоспар бойынша жылыту маусымы 15 қазанда басталады. 2026 жылы облыс аумағында 12,5 шақырым жылу желісі жөнделді. Оның ішінде Ақтау қаласында — 1,6 шақырым, Жаңаөзен қаласында — 9,8 шақырым, Мұнайлы ауданында 0,8 шақырым желі жаңартылды. Сонымен қатар 15-17 қыркүйек аралығында «МАЭК» және «КЖСА» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары жылу құбырларына гидравликалық сынақ жүргізді.
«МАЭК» кәсіпорнының №1 және №2 жылу электр орталықтарындағы жөндеу жұмыстары аясында үш қазандық толық жөнделді. Бір турбинадағы жұмыстар аяқталу сатысында, тағы бір қазандық пен екі турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар жылыту маусымының өтуіне әсер етпейді. Электр инфрақұрылымын жаңарту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. «Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ жалпы ұзындығы 536,5 шақырым электр желісіне, екі қосалқы станцияға және 77 тарату пунктіне күрделі жөндеу жүргізді. Ал «Ақтау Электр Желілері Басқармасы» МКК 22,5 шақырымды құрайтын алты электр желісін жаңартты, – деді Бердібек Қартбаев.
Ақтау қаласының 19А, 20, 20А, 33, 34А және 35-шағынаудандарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін есептік жылу қуаты 422,4 МВт болатын қазандықтың құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Тұрмыстағы газ қауіпсіздігі
Аппараттық жиында тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да талқыланды.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың айтуынша, газ қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелердің бірі — көппәтерлі тұрғын үйлердегі жеке пәтерлерге орнатылған газбен жұмыс істейтін жылыту қазандықтарының жай-күйі.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жылыту маусымында тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етудің және тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалаудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында жаңа қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба қаланың жаңа шағынаудандарын жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — тұрғындардың қыс мезгілінде жылусыз қалмауын қамтамасыз ету. Ол үшін жылу және электр желілерінің дайындығын, жабдықтардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған мәселелерді уақытылы шешу қажет. Сонымен қатар, газ қауіпсіздігі де өзекті мәселе. Сондықтан газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







