Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Биралмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту, көлік-логистика, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инвестициялық және логистикалық әлеует
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, Түркиямен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
«Маңғыстау облысы халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда және көлік-логистикалық бағыттарды кеңейтуде айрықша орын алады. Инфрақұрылымды дамыту арқылы Ақтау қаласының Орта дәліз бойындағы жетекші көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарымыз тұрақты түрде жалғасып келеді. Біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Бирал екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың маңызын атап өтіп, Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.
«Маңғыстау өңірі – Орта дәліздің маңызды буындарының бірі. Мұнда тұратын түркиялық азаматтар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Білім беру саласында да өзара байланыс бар. Алдағы уақытта гуманитарлық және білім беру салаларындағы, сондай-ақ басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз», – деді Эмре Бирал.
Өзара сауда көрсеткіштері
Айта кетейік, Түркия Республикасы Маңғыстау облысының маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңір мен Түркия арасындағы сыртқы сауда айналымы 16 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 11 млн, импорт көлемі 5 млн АҚШ долларына жетті.
Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 118 кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







