Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында оныншы Astana Media Week апталығы басталды. Мерейтойлық іс-шараға мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялар мен медиа саласының өкілдері жиналды. Медиа апталық аясында медиа саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, отандық контентті ілгерілету және ақпаратқа деген сенімді арттыру мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пленарлық отырыс және негізгі мәселелер
Іскерлік бағдарлама «MEDIA. HUMAN. AI: трансформацияның 10 жылы. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық отырыспен ашылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews телеарнасының Әзербайжандағы бюро басшысы әрі өңірлік коммуникациялар жетекшісі Надира Тюдор, Smart Advanced Technologies & Innovation Inc. компаниясының бас директоры Нежат Унсал, Meta компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағындағы өнімдерге қатысты мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Филип Чуа, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева және Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун қатысты.
Отырыста соңғы он жылдағы медиа саласындағы өзгерістер, жасанды интеллектінің редакция жұмысына ықпалы, ақпараттың шынайылығы мен цифрлық дәуірде аудитория сенімін сақтау мәселелері қарастырылады.
Шеберлік сабақтары және халықаралық тәжірибе
Бүгін медиа апталық аясында «AI, IT & MEDIA: Жауапкершілік шегі» атты технологиялық пікірталас, «Жасөспірімдердің жасына сай келетін цифрлық ортаны қалыптастыру: бұл қалай болуға тиіс?» тақырыбындағы шеберлік сабағы және «Central Asia in English: Аударма бізді неге жаһандық етпейді?» халықаралық редакциялық зертханасы өтеді.
Сонымен қатар «Ояну: ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және сыни интеллект» және «Жасанды интеллект көмегімен көптілді хабар тарату» тақырыптарында шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Бағдарламада Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық ақпарат кеңістігінде таныту мәселесіне де ерекше мән беріледі. Jibek Joly / Silk Way, The Astana Times, Qalam Global, Euronews, AnewZ және басқа да БАҚ өкілдері ағылшын тіліндегі журналистиканы дамыту, шетелдік аудиторияға арналған контент әзірлеу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылайды.
Алдағы күндері мемлекеттік ақпараттық саясат, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс, өңірлік редакцияларды қолдау, отандық контент пен жарнама нарығын дамыту мәселелері сөз болады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттың шынайылығын тексеру және цифрлық медиаплатформаларды дамыту бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді.
Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде ол қазақстандық және шетелдік медиа мамандары бас қосып, кәсіби мәселелерді талқылайтын, тәжірибесін ортаға салатын маңызды алаңға айналды.
Qazaqstan Media Awards және ұйымдастырушылар
Мерейтойлық медиа апталық 16 қазанда Qazaqstan Media Awards марапаттау рәсімімен аяқталады. Салтанатты жиында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаттары марапатталады.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Демеушілер – «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, Sport+, Qazaqstan, Astana TV телеарналары, Kazmedia, Argymaq, OTAU, TV+ және Qazteleradio.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







