Қазақстан пойыздарындағы интернет жаңа да әдемі ұшақтарымыздан бұрын пайда болады деп кім ойлаған! Кеше Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында ҚТЖ пойыздардағы борттық Wi-Fi жұмысын таныстырды. Барлық телеком-инфрақұрылымды «Транстелеком» қамтамасыз етеді. Starlink қазірдің өзінде 51 бағыттағы 108 пойызда 1500-ден астам вагонға орнатылды, байланыс арнасының жылдамдығы 100 Мбит/с-қа дейін жетеді, тіпті қарапайым байланыс жоқ жерлерде де жұмыс істейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жолаушылар тасымалындағы жаңа цифрлық инфрақұрылым
«Бұл — жолаушылар тасымалының үйреншікті тәжірибесін өзгертетін, еліміз үшін ауқымды жоба. Біз Қазақстан пойыздарында Starlink базасында Wi-Fi қамтамасыз етеміз. Бұл — 51 бағыт, 108 құрам және 1 500-ден астам вагон. Біздің міндетіміз жолаушыларға жай ғана интернет ұсыну емес, сапарларды жайлы етіп, жаңа сервистерді дамытуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру», – деді TTC PR-директоры Әсел Әлімханова.
Базалық қолжетімділік тегін, бірақ тек мессенджерлер — WhatsApp пен Telegram үшін ғана қолжетімді. Бұл жолаушылардың толыққанды интернет-пакет сатып алмаған жағдайда да жақындарымен байланыста бола алатынын білдіреді. Сонымен қатар пойыздарда тегін борттық мультимедиялық жүйе жұмысын жалғастырады. Ол тасымалдаушы ұсынған ойын-сауық сервистерін бөлек интернет-пакет сатып алмай-ақ пайдалануға мүмкіндік береді. Ал фото, видео және стриминг үшін ақы төлеу қажет болады. Интернет әркімнің өз қалауы бойынша таңдайтын қосымша қызметіне айналады.
Ауқымды цифрлық бағдарлама
Бұл — Starlink пен OneWeb, Direct-to-Cell, жол бойындағы оптика сынды үлкен цифрлық бағдарламаның бір бөлігі. Пойыз дала арқылы тәуліктеп жүретін, әлемдегі жер көлемі бойынша тоғызыншы орындағы ел үшін бұл шын мәнінде өте қажет дүние.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







