Дүйсенбі, 26 қазанда Қазақстанның басым аумағында ауа райы салыстырмалы түрде жылы әрі көшпелі бұлтты болады. Дегенмен оңтүстік облыстарда түнгі үсік сақталып, кей жерлерде тұман мен шаңды дауыл күтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мегаполистердегі күн райы
Астанада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын күтілмейді. Желдің жылдамдығы секундына 2–7 метр шамасында. Түнде ауа температурасы 1–3 градус суық болса, күндіз сынап бағанасы 6–8 градус жылылықты көрсетеді.
Алматыда ауа райы көшпелі бұлтты, күндіз шамалы жауын-шашын, негізінен жаңбыр жаууы мүмкін. Жел 3–8 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде 2–4 градус аяз болса, күндіз ауа температурасы 8–10 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкентте көшпелі бұлт шығып, күн ашық болады. Желдің жылдамдығы 8–13 м/с, екпіні секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал. Түнде ауа температурасы 2–4 градус жылы болғанымен, топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Күндіз ауа 16–18 градусқа дейін жылынады.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің оңтүстік өңірлерінде түнгі үсік 11 градусқа дейін күшейіп, Қызылорда облысында жел екпінімен шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Оңтүстік пен батыс аймақтар
Түркістанда жауын-шашынсыз, желдің екпіні 15–20 м/с құрайды. Түнгі уақытта 1–3 градус үсік жүрсе, күндіз сынап бағанасы 15–17 градус жылылыққа жетеді. Таразда түнде ауа температурасы 6–8 градусқа дейін төмендеп, күндіз 7–9 градус жылы болады.
Талдықорғанда түнде 9–11 градус қатты үсік байқалады, күндіз термометр 8–10 градус жылыны тіркейді. Қонаев қаласында түнде 2–4 градус салқын, күндіз 10–12 градус жылы күтіледі.
Қызылордада ашық ауа райы сақталады. Алайда күндіз екпіні 15 м/с болатын желдің салдарынан шаңды дауыл тұруы мүмкін. Түнгі мезгілде 3 градусқа дейін үсік байқалып, күндіз 12–14 градус жылы болады.
Батыс аймақтарда да жауын-шашын болжанбайды. Ақтауда түнде 4–6 градус, күндіз 14–16 градус жылы. Атырауда түнде сынап бағанасы 0–2 градусты, ал күндіз 14–16 градусты көрсетеді. Ақтөбеде түнгі суық 5–7 градусқа дейін жеткенімен, күндіз күн 12–14 градусқа дейін жылынады. Орал қаласында көшпелі бұлт сақталып, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Солтүстік, шығыс және орталық өңірлер
Қостанайда жауын-шашынсыз, түнде 0–2 градус жылы, күндіз 10–12 градусқа дейін жылынады. Көкшетауда түнде 0–2 градус, күндіз 6–8 градус шамасында болады.
Петропавлда түнде және таңертең тұман болжануда. Ауа температурасы түнде 0–2 градус суықтан күндіз 6–8 градус жылыға ауысады. Павлодарда да тұман күтіліп, түнде 0–2 градус, күндіз 5–7 градус жылылық байқалады.
Қарағандыда күн жауын-шашынсыз өтеді. Мұнда түнде 5–7 градус аяз болып, күндіз ауа райы 5–7 градусқа дейін жылынады. Ал Өскеменде түнгі температура 5–7 градус суыққа дейін төмендеп, күндіз бар болғаны 2–4 градус жылы болады деп болжануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







