Қытай өзінің «Тяньгун» орбиталық станциясына «Шэньчжоу-24» басқарылатын кемесін сәтті ұшырып, өз тарихында алғаш рет шетелдік ғарышкерді орбитаға жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Елдің солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағынан көтерілген кеме үш жарым сағат ішінде негізгі «Тяньхэ» модуліне автоматты түрде түйісті.
Экипаж құрамы мен Пәкістан үшін тарихи сәт
Миссия құрамында Қытайдың тәжірибелі ғарышкері, станцияға үшінші рет барған алғашқы адам Тан Хунбо, бортинженер У И және Пәкістан әскери-әуе күштерінің 40 жастағы ұшқышы Мұхаммед Зишан Әли бар. Осылайша, Зишан Әли Пәкістан тарихында ғарышқа шыққан алғашқы азамат әрі Қытайдың орбиталық кешеніне қадам басқан тұңғыш шетелдік ретінде тіркелді.
Пәкістандық маман бұл сапарға Бейжіңде жеті ай бойы тыңғылықты дайындалған. Ол ғарыштық жүктемелерге төтеп беруден бөлек, қытай тілін қарқынды меңгеріп, осы елдің мәдениетін терең оқып-үйренді.
«Мен өзім үшін ұшып бара жатқан жоқпын. Иығымда бүкіл Пәкістанның аты мен 240 миллион отандасымның үміті тұр», – деді Мұхаммед Зишан Әли сапар алдындағы баспасөз мәслихатында.
Ғылыми тәжірибелер және экипаж ротациясы
Зишан Әли станция бортында шамамен 5-10 күн болып, пайдалы жүктеме маманы ретінде бірқатар тәжірибелер жүргізеді. Олардың қатарында ғарыш жағдайында микробалдырларды болашақ азық ретінде өсіру және киноа дәндеріне салмақсыздықтың әсерін зерттеу жұмыстары бар. Тұтастай алғанда, жаңа экспедиция аясында 90-нан астам ғылыми сынақ өткізу көзделген.
Станциядағы ауысым тәртібі де ерекше ұйымдастырылған. Пәкістан ғарышкері алдыңғы «Шэньчжоу-23» экипажының екі мүшесімен бірге Жерге қайта оралады. Ал олардың командирі Чжу Янчжу ғарышта тұтас бір жылға қалып, Қытай ғарышкерлері арасындағы ең ұзақ үздіксіз ұшу рекордын орнатпақ.
Ғарыштық дипломатия мен геосаяси салмақ
Бұл ұшу — Бейжіңнің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды жемісі. Исламабад пен Бейжің арасындағы ғарыш саласындағы әріптестік 1990 жылдардан бастау алған және алдағы жылдары Айға бірлескен аппарат ұшыру жоспарларымен жалғасады.
«Пәкістан мен Қытай достығы Гималай шыңдарынан асып, ашық ғарыш кеңістігіне бет алды», – деп мәлімдеді Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф.
Халықаралық ғарыш станциясының қызмет ету мерзімі 2030 жылға қарай аяқталуы мүмкін екенін ескерсек, Қытай өзінің «Тяньгун» кешенін жаһандық серіктестіктің негізгі алаңына айналдыруға ниетті. Бұл қадам әлемдік державалардың орбитадағы ықпал үшін бәсекесі жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







