Қазақстан медициналық туризмнің тартымды бағыттарының біріне айналып, шетелдік пациенттер сапалы әрі қолжетімді стоматологиялық қызмет алу үшін елімізге жиі келе бастады. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Құрылтай отырысы аясында өткен брифингте отандық стоматологияның экономикалық әлеуеті жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, еліміздің басты артықшылығы — медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімді бағасының сәтті үйлесуі. Қазақстан стоматологтары қауымдастығының дерегінше де, шетел азаматтарының отандық тіс дәрігерлеріне деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе шетелде бірнеше мың доллар немесе еуро тұратын тіс импланттарын орнату қызметі бізде әлдеқайда қолжетімді бағамен ұсынылады.
«Кейбір елдерде бір имплант орнату бірнеше мың доллар немесе еуро тұрады. Қазақстанда дәл осындай қызметтер әлдеқайда арзан, сонымен қатар стоматологиялық көмектің сапасы жағынан шетелдік мамандардан кем түспейміз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Осылайша, медициналық туризмнің дамуы отандық медицина мен сала мамандары үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







