Әлеуметтік желіде қазақ тілінің мәртебесіне қатысты тағы бір даулы видео тарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Желіде тараған кадрларда Астана тұрғыны жұмысқа тұру үшін сұхбатқа барып, күтпеген кедергіге тап болғанын айтады.
«Бір құрылыс компаниясы бизнес ассистент қызметіне жұмысқа шақырған. Келдім. Сұхбат барысында маған «когда вы на русском разговариваете у вас какой-то акцент казахский…» деп төбеден түскендей қойып қалды. Мен «үйде тек қазақ тілінде сөйлегендіктен шығар» дедім… «Өзге тілде сөйлесең, ешқандай акцент болмауы керек» деген қалыптасқан қағида ма?! Орыс тілі де, ағылшын тілі де шет тілі ғой. Менің ойымша, акцент қалыпты нәрсе», — деді ол.
Видео авторының есімі — Гүлнұр Ахан. ErtenMedia.kz елорда тұрғынын тауып, осы мәселенің мән-жайын сұрады. Ол аудармашы екенін, халықаралық қатынастар және аудармашы мамандықтары бойынша дипломы бар екенін жеткізді.
Гүлнұр Ахан бұл жағдай орын алған компанияның атын атамауды жөн көрді. Тек қазақстандық компания екенін, бірақ басшысы Ресейде отыратынын, орналасқан жері Centro бизнес орталығы екенін айтты. Ол бос жұмыс орны туралы хабарландырудан көріп, осы компанияға сұхбатқа барған.
«Қазақстанның бірнеше қаласында бөлімдері бар инженерлік құрылыс компаниясы. Қызметкерлерінің бәрі — қазақ. Сұхбат алып отырған адам да, HR да, басшысы да, басшының орынбасары да қазақ. Алғашқы сұхбаттан-ақ олардың орыс тіліне басымдық беретіні сезілді. «Акцентіңіз бар екен» дегенге таңғалған жоқпын. Бұған дейін де Астанада көп еститінмін. Соңғы жылдары ғана елордада қызмет көрсету саласында қазақтар көбейіп, мемлекеттік тілге деген құрмет артып жатыр», — деді ол.
Астаналық бұл компанияға жұмысқа тұруды жоспарламағанын, сондай-ақ, мұндай оқиғалар халықаралық компанияларда жиі кездесетінін айтты.
«Бұрын өзім жұмыс істеген компанияда да басымдық орыс тіліне берілетін. Ол Астанада таңғалатын нәрсе емес. Орыс тілін білмесең, ешқандай халықаралық компанияға жұмысқа кіре алмайсың. Өйткені кез келген халықаралық компания орыс тілінде сөйлейді. Ағылшын және қазақ тілі жұмыс барысында қажет. Бірақ іс-қағаздың бәрі орыс тілінде жүргізіледі.
Мұндай мәселе болмау үшін күресу қажет. Біздің қоғамда жетіспейтіні осы — күрескерлік. Күрескерлік деген митингіге шығу емес. Әрбір отбасы ошақ қасында қазақ тілі үшін күресу керек. Өзінен бастау керек, баласынан бастау керек. Ертеңнен бастап қазақ тілінде сөйлемейтіндердің айлығы екі есе қысқарады десе, бір айдың ішінде сайрайтын еді. Талап болуы керек», — түйіндеді ол әңгімесін.
Мәселе әлеуметтік желі қолданушылары арасында да қызу дау туғызған.
«Өз елімізде тұрып, солай сөз естиміз. Өз тілімізге еге бола алмайтын халық болдық қой. Тым өкінішті», «Ондай компания жабылсын, Қазақстанда бәрі қазақ тілінде болуы керек», «Масқара ғой, өз елімізде күлмеу керек, жылау керек қой», «Жеткен күніміз осы ғой», «Бойкот жасау керек», — деді бұл жағдайға ашынған желі қолданушылары.