Абай облысының медициналық мекемелері биылғы қыркүйекке дейін 100 жаңа санитарлық автокөлікпен толық қамтамасыз етілмек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы жоба аясында Семейдегі жедел медициналық жәрдем станциясына алғашқы 10 көліктің кілті табысталды. Жаңа көліктерді облыс әкімі Берік Уәли арнайы барып тапсырды.
Шындығын айтқанда, Семейдегі жедел жәрдем қызметінде бұған дейін көлік тапшылығы болмағанымен, бар техниканың тозуы 90 пайыздан асып кеткен. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы облыстық бюджет есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қорымен» бірлесіп, лизинг арқылы 100 санитарлық автокөлік сатып алынды. Оның ішінде Hyundai, JAC және «Газель» маркалы автокөліктер бар. Осы көліктердің 67-сі облыстық жедел жәрдем станциясына, ал қалған 33-і аудандық медициналық ұйымдарға жіберілмек.
Жаңа техникалар заманауи GPS-навигациямен және шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған озық медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.

Облыс әкімі Берік Уәли салтанатты шарада сөйлеген сөзінде:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында «денсаулық сақтау мен білім беруге жұмсалатын қаражат, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы керек» деп атап өткен болатын. Бүгінгі табысталып отырған жаңа жедел жәрдем көліктері де – дәл осы міндетті жүзеге асырудың бір көрінісі. Соңғы рет мұндай көліктер облысымызға 2020 жылы алынған екен. Яғни, араға бес жарым жыл салып, медицина саласы жаңа техникаларға қол жеткізіп отыр. Бұл оқиға – өңір үшін өте маңызды. Жаңа көліктер облыстағы шұғыл медициналық көмектің сапасын көтеріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететіні анық, – деді.
Қазір Семейдегі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 872 қызметкер еңбек етеді. Олар облыстың 620 мыңнан астам тұрғынына тәулік бойы қызмет көрсетіп, жылына 250 мыңнан астам шақыртуға барады.
Айта кетейік, Абай облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары соңғы жылдары ерекше қарқын алған. Былтырдың өзінде өңірде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 60-тан астам жаңа нысан салынған. Мақаншы ауылында күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория іске қосылса, Аягөз ауданында 10 төсектік жаңа реанимация бөлімшесінің құрылысы аяқталған.

Сонымен қатар Аягөзде магниттік-резонанстық томограф үшін жаңа ғимарат, ал Үржар ауданында коронарлық араласу орталығының құрылысы басталды. Алдағы уақытта Үкіметтің қолдауымен Семейде 300 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасының құрылысын салу жоспарланған. Жалпы 2025 жылы Абай облысының медицина саласын жаңғыртуға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
Берік Уәли мен «Zhongwei Xinneng» технологиялық компаниясының бас директоры Ян Соцзюнь өңірде қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыруға бағытталған меморандумға қол қойды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

