Абай облысының кіреберіс аумақтарына өңірдің брендтік нышаны бейнеленген арнайы белгілер орнатылуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жұмыс облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Басты мақсат өңірдің аймақтық келбетін айқындап, облысқа кіретін негізгі бағыттарда бірыңғай визуалды белгі қалыптастыру.
Бұған дейін мұндай нышан Жетісу облысы жағынан кіреберіс аумаққа қойылған еді. Енді Шығыс Қазақстан облысының Өскемен – Семей бағыты жағындағы кіреберіске жаңа белгі орнатылды.
Жоба аясында жыл соңына дейін Абай облысына апаратын 5 негізгі күрежолдың бәрінде осындай кіреберіс белгілерін орналастыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің туристік және мәдени танымалдылығын арттыруға, жол бойындағы инфрақұрылымның көркін жақсартуға мүмкіндік береді.
Орнатылған белгілердің тағы бір ерекшелігі – олар күн энергиясымен қуаттанады. Түнгі уақытта нышандар жарық шашып, декоративті шамдар арқылы айрықша көрініс береді.
Мұндай жобалар сырт көзге шағын безендіру жұмысы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өңірдің өзіндік келбетін қалыптастыруда, туристер мен жолаушыларға аймақтың басталғанын сезіндіруде оның маңызы бар. Абай есімімен аталатын облыс үшін әрбір белгі өңірдің тарихи, рухани және мәдени салмағын танытып тұруы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







