Депутат Мұрат Әбенов қамауға алынған танымал блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның ісіне қатысты ұстанымын білдірді. Мәжілісмен ұсталған азаматқа ешқандай қолдау көрсете алмайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін депутат осы істі «бақылауына алғанын» айтқан еді. Алайда, бүгін ол қоғамдағы дүрбелеңге қарамастан, Әділетхан Молдаханды ұстауға нақты әрі жеткілікті заңдық негіздер бар екенін баса айтты.
«Мен оған көмектеспеймін және көмектесе де алмаймын. Бұған менің ешқандай құқығым жоқ. Қоғамнан өтініш түскеннен кейін, оның қаншалықты заңды түрде ұсталғаны жөнінде сауал жолдадым. Маған берілген ақпарат бойынша, оны ұстаудың нақты әрі заңды негіздері бар. Бұл істің бүге-шүгесіне дейін хабардармын, бірақ жария етуге қақым жоқ. Оның заңсыз ұсталғаны туралы ешқандай дерек келіп түскен жоқ», – деді Мұрат Әбенов.
Еске сала кетсек, танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 30 наурызда Алматыда «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Тергеу амалдары жалғасуда.
Күдіктінің әлеуметтік желілердегі жарияланымдары, әсіресе Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасы жайлы жазбалары оның ұсталуына себеп болған деген болжам бар. Әзірге құқық қорғау органдары заңгер жазбаларындағы нақты қандай деректердің «жалған» деп танылғанын ресми түрде жариялаған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







