Иран Ислам Республикасы жаңа көшбасшысын таңдауға дайындалуда. Бұл лауазымға Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи келсе, елдегі Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) ықпалы одан әрі күшеймек. Сарапшы Джанатан Сайехтің айтуынша, бұл таңдау Тегеранның қатаң бағытты жалғастырып, АҚШ пен Израильге қарсы текетіресін одан әрі тереңдете түсетінін көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Егер билік басына Моджтаба келсе, режимнің КСИР-ға толықтай бағынышты болады. Бұл ұйым Ирандағы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі ойыншысына айналады, – деп атап өтті Джанатан Сайех.
Бұл қадамның парадоксалды тұсы да бар. 1979 жылғы революция кезінде дәл осы мұрагерлік жүйеге қарсы көтеріліс жасалған еді. Ал қазір билік дәл сол жүйеге қайтып оралуда. Алайда, соғыс және ішкі дағдарыстар кезінде революциялық идеялар мен ұрандардың екінші орынға жылжуы тарихи заңдылық.
Моджтаба Хаменеи 1969 жылы дүниеге келген, әкесінің ең ықпалды балаларының бірі. Ол Иран-Ирак соғысына қатысқан, теологияны оқыған, бірақ толыққанды аятолла деңгейіне көтерілмеген. Алайда оның саяси және әскери ықпалы зор.
Сарапшының ойынша, Хаменеи ұзақ уақыт бойы әкесінің көлеңкесінде жүріп, маңызды саяси шешімдерге араласып келді. 1999 жылғы студенттер көтерілісі кезінде ол режимнің қатаң бағытты ұстануын талап етіп, күш қолдануды қолдаған.
– Әкеме қарсы шыққандарға еш аяушылық болмауы керек, – деген еді сол кезде Моджтаба.
2009 жылы ол қатаң саясатты жақтаушы Махмұд Ахмадинежадтың президенттікке қайта сайлануына қолдау көрсетіп, «Жасыл қозғалыстың» наразылығын күшпен басуға жетекшілік етті. Осы кезде Моджтаба мен КСИР арасында берік байланыс орнаған.
– Моджтаба мен КСИР бір-біріне ауадай қажет. Олар бірін-бірі күшейтеді, – дейді Джанатан Сайех.
Саясаттан бөлек, Хаменеи ірі жемқорлық желісін де бақылап отыр. Желі Иран мұнайын жасырын жолдармен сатып, миллиардтаған долларды Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне аударып отыр. Оған Лондон, Франкфурт, Майорка мен Дубайдағы қымбат қонақ үйлер мен жылжымайтын мүлік объектілері тиесілі.
Моджтаба Хаменеи жоғарғы билікке келсе, Иранның қазіргі авторитарлық жүйесі одан әрі күшейіп, елдегі адам құқықтарының жағдайы нашарлап, АҚШ-пен текетірес тереңдей түсуі мүмкін. Джанатан Сайехтің ойынша, бұл Таяу Шығыс аймағындағы геосаяси ахуалды тіпті күрделендіріп жібермек.
АҚШ-та тұратын саясататнушы, жерлесіміз Тимур Сейітмұратов Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайды эмоциясы мен жеке көзқарасын араластырмай сайтымызда сараптап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







