Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Наурыз мерекесі қарсаңында Қонаев қаласындағы Балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілермен жүздесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы балалармен бірге ағаш көшеттерін отырғызып, табиғатты аялаудың маңызын көрсетті. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жас буынға ізгі тілегін арнады.
«Бүгінгі білімді, ізденімпаз балалар – ертеңгі елдің тірегі. Қазір білім мен технологияға сүйенетін заман. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, сапалы білім алуға ұмтылу қажет. Мемлекет сендердің дамуларыңа барлық жағдай жасап отыр. Біздің тілегіміз – сендердің үлкен азамат болып қалыптасуларың», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Ол тәрбиешілердің еңбегіне де ерекше тоқталып, жастарға ұлттық құндылықтарды сіңірудегі қызметін жоғары бағалады.
Мерекелік шара барысында орталық аумағы ұлттық нақышта безендіріліп, балалар театрландырылған қойылым қойып, өнерлерін көрсетті. Қонақтар балалармен бірге ән айтып, би билеп, ерекше көңіл-күйге бөленді.
Іс-шара аясында «Шин-Лайн» компаниясы балаларға балмұздақ таратып, өндіріс барысымен танысуға шақырды. Компания басшысы Андрей Шин орталыққа ай сайын балмұздақ жеткізіп тұруға уәде берді.
Әкімдік тарапынан балаларға жас ерекшелігіне сай кітаптар сыйға тартылып, орталыққа музыкалық құрал-жабдықтар берілді.
Кездесу барысында Марат Сұлтанғазиев балалармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бұл балалар үшін ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі болды.
Орталық тәрбиеленушісі Виталий Коршев мерекелік күн туралы өз әсерімен бөлісті.
«Бүгін бізде Наурыз тойланды. Ән айттық, би биледік, тәтті балмұздақ жедік. Осындай қуаныш сыйлаған жандарға алғыс айтамыз», – деді ол.
Алматы облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекова өңірдегі балалардың қауіпсіздігі мен құқықтары тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталықта балаларға барлық жағдай жасалған, мамандар кәсіби деңгейде жұмыс істейді.
«Бастапқыда тұйық балалар уақыт өте ашылып, өздерін еркін сезіне бастайды. Мұнда түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылып, балалар белсенді қатысады. Облыс әкімдігі бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп келеді», – деді ол.
Осылайша Наурыз мерекесі Қонаевтағы балалар үшін тек мереке ғана емес, мейірім мен қамқорлыққа толы күнге айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







