Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған инновациялық орталық ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» компаниясы арасындағы ынтымақтастық шеңберінде құрылып отыр. Жаңа инновациялық алаңда отандық дрон модельдері әзірленіп, оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ полигоны ашылады. Бұған қоса, университетте дуалды білім беру мен сертификаттау бағдарламалары қолға алынады. Студенттер мен оқытушылар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысып, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар орталықта жасалған дрондарды ішкі және сыртқы нарыққа шығару жоспарланған. Инновациялық стартаптарды қолдау мен коммерцияландыру арқылы елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайту көзделіп отыр. Бұл жоба Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік стратегиясын іске асыруға серпін береді.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, «Aerial Solutions» авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова, Қорғаныс министрлігінің өкілдері Иса Теймуразұлы мен Сәкен Рүстемов, Ұлттық қауіпсіздік академиясының кафедра меңгерушісі Артур Имашев, Қазақстан авиация әкімшілігінің өкілі Әділжан Сұлтанов, сондай-ақ ғалымдар мен университет оқытушылары қатысты.
Жиынды ашқан ректор Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтың ашылуы еліміздің технологиялық дамуы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект жөніндегі кеңесте технологияны тиімді пайдалану ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тәуелсіздікке тікелей әсер ететінін айтқан болатын. Бүгін ашылған орталық заманауи дрондар әзірлеуге, білікті мамандар даярлауға және студенттердің тәжірибесін арттыруға жол ашады. Осы жерден шыққан инновациялық жобалар экономиканың барлық саласында тиімді қолданылады деп сенеміз, – деді университет басшысы.
«Aerial Solutions» авиациялық оқу орталығының директоры Перизат Құдайбергенова өз сөзінде орталықтың халықаралық стандарттарға сәйкес маман даярлау мүмкіндігін ерекше атап өтті.
«Бұл алаң ғылым мен өндірісті ұштастырып, дрон технологияларын дамытуға серпін береді. Жоғары академиялық әлеуеттің арқасында университет өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен цифрлық мониторингті дамытуға үлес қосатын болады. Бұл орталық қазақстандық авиациялық жобалардың халықаралық деңгейге шығуына ықпал етеді», – деді Перизат Құдайбергенова.
Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштері бас басқармасының басшысы Сәкен Рүстемов жаңа орталық жұмысына табыс тіледі.
– ҚазҰУ-дың инновациялық орталығы мен Қорғаныс министрлігінің арасында тығыз ынтымақтастық орнайтынына сенімдімін. Бұл жоба елдегі ұшқышсыз авиацияның дамуына елеулі үлес қосады. Бастаған ісіңіз жемісті болып, жоспарларыңыз жүзеге аса берсін, – деді құрметті қонақ.
Жиын соңында қатысушыларға орталықтағы заманауи аппараттар мен жаңа технологиялар таныстырылды.
Қазақ Ұлттық университетінің оқу корпустары мен жатақханаларының шатырларына инвестор есебінен күн панельдері орнатылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

