Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен агенттік иесі Әсет Матаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Баспасөз жиыны «ҚазТАГ» агенттігі мен «Фридом Финанс» АҚ арасындағы дау аясында ұйымдастырылды. Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласының Полиция департаменті «Фридом Финанс» компаниясының меншік иесі Тимур Турловтың шағымынан кейін «ҚазТАГ» редакциясы басшылығына қатысты жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Қазір агенттіктің иесі Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов осы іске байланысты күдікті деп танылған.
Жанжалдың ушығуына Әмір Қасеновтың бұрынғы әйелі, журналист Роза Есенқұлованың әлеуметтік желідегі жазбасы да себеп болған еді. Ол өз жазбасында агенттік басшысы табысын жасырып отыр деген күдігін айтып, «ҚазТАГ»-ты тексеруді талап еткен.
«Басылымның бухгалтериясында болып жатқан жағдай ақылға сыймайды. Танымал порталдың бас редакторы өзінің туған ұлына 14 мың теңге ғана төлеп отырғанын қалай түсіндіруге болады? Әмірдің жалақысы 85 мың теңге-міс. Бұл – табысты әдейі жасыру! Ұлым басшылықтың осындай өтірігінің кесірінен неге зардап шегуі керек?!» – деп жазған еді Роза Есенқұлова.
Жиын барысында журналистер Әмір Қасеновтан алимент төлеу және ресми жалақысы туралы мәселені түсіндіруді сұрады. Алайда «ҚазТАГ»-тың бас редакторы бұл сауалға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.
«Бұл сұраққа қатысты арнайы жазбам «Facebook» парақшамда жарияланған», – деп қысқа қайырды Әмір Қасенов.
Агенттіктің иесі Әсет Матаев журналистер қойған сұраққа араласып, «ескі әйелдер туралы айтпай-ақ қояйық» деп, бұл тақырыпты мүлдем қозғамауды талап етті.
Жалпы алғанда, жиында «ҚазТАГ» өкілдері тек «Фридом Финанс» АҚ-мен арадағы қылмыстық іске қатысты мәселеге басымдық беріп, жеке сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







