«Конституция жобасы ашық талқылауға түсті. Бұл өте дұрыс әрі қажет қадам», дейді саясаткер Әміржан Қосанов, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Алайда бір өкініштісі, ағайынның біразы негізгі құжатты оқымай-ақ, өзгенің пікірі арқылы өз ойын қалыптастырып жатыр. Ал ол пікірлердің арасында шындығы да, жалғаны да бар. Осыдан кейін халықтың нақты түсінігі болмайды, – дейді ол.
Осыған байланысты саясаткер үш нақты ұсыныс айтты.
– Біріншіден, жобаны дайындаушылар қазір қолданыстағы Конституция мен жаңа ұсынылған мәтінді салыстырмалы түрде талдап, түсінікті тілмен халыққа жеткізуі тиіс. Әр азамат қай өзгерістің қандай себеппен енгізілгенін анық ұғынуы үшін қажет қадам. Осы ақпарат барлық жерде ашық жариялануы керек.
Екіншіден, Конституциялық комиссия ұлттық телеарналардың әлеуетін әлі де толық пайдаланып отырған жоқ. Неге комиссия мүшелері балама пікір білдірушілермен ашық дебатқа шықпайды? Сонда әркім өз уәжін айтып, құқықтық білімі жоқ қарапайым азаматтар да талқылаудың мән-маңызын түсінер еді.
Үшіншіден, жобаға сын айтып, балама ұсыныстар беріп жатқан азаматтардың пікірлері референдум алдында қалай ескерілетінін алдын-ала жариялап қойған жөн. Олар шынымен қарала ма, әлде қазір жарияланған жоба осы күйінде референдумға шығарылмақ па? Осыны ашық айтқан абзал, – дейді саясаткер.
Әміржан Қосановтың айтуынша, ол Ата Заң жобасымен әлі танысып жатыр екен.
– Бірақ менің басты тілегім біреу ғана: Жаңа Конституция елдің ішін қақ жармай, керісінше, біріктіретін маңызды құжат болса екен, – деді саясаткер.
Білікті теолог Қайрат Жолдыбайұлы Құрылтайдың таралу механизміне қатысты пікір білдірде. Осы тұстан оқып аласаңыз болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

