Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, заңсыз берілген жерлердің мәселесін көтерді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Тоқаев биылғы Жолдауында да заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қажет екенін мәлімдеді. Депутаттың сөзінше, әкімдіктер тарапынан заңсыз әрі конкурссыз берілген 2 мыңға жуық шешімдердің жұмысын «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтаруды тапсырған.
«Соңғы уақыттарда республикалық жер комиссиясы мен оның инспекторларына жан-жақты заңсыз қысым көрсетілуде. Бұл комиссияның жүйелі жұмыс жасауына үлкен кедергілер келтіріп отыр.
Мысалы, Үкіметтің вице-премьері Нұрлан Байбазаровтың кәсіпкерлерден түскен арыз өтінішінен кейін негізсіз хаттамалық шешім шығарды. Дәлел ретінде, хаттамалық шешімде – жұмыс тобын құрып, оның аясында заңсыз, яғни конкурссыз берілген жерлердің құжаттамаларына комиссия және инспекция тарапынан талап-арыз беруді тоқтату және берілген арыздарды соттан қайтару қажеттігі туралы себепсіз шешім шығарды.
Статистикаға көз жүгіртсек, жалпы көлемі 55 мың гектар аумақтағы 72 жер бойынша жер иелері инспекторлардың заңды талабын орындамады. Жалпы көлемі 47 мың гектар болатын 263 жер бойынша материалдар сотқа жіберілді, ал 20 мың гектар болатын 136 жер бойынша іс сотта қаралып жатыр», — деді ол.
Депутат«Жер аманаты» жер комиссиясының Жамбыл, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарына іс-сапарлары барысында анықталған мәселелерді баяндады.
«Жамбыл облысында өзекті болып тұрған мәселе, Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ортақ кондоминиуміне кіретін аула жерлерді ірі кәсіпкерлерге құрылыс жүргізуге заңсыз табыстау фактілері анықталды.
Ал Павлодар облысы Ақсу қаласында жерді қайтару практикасында бұрын кездеспеген, түсініксіз жағдай орын алып отыр. Ақсу қаласы прокуратурасы Павлодар облысы жер ресурстарын басқару департаментінің атына 02 қазан 2023 жылы заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс жіберді. Ұсынысқа сәйкес, прокуратура жерлерді беру тәртібін зерттеу барысында 95 шаруа қожалығына берілген жалпы көлемі 53 мың гектар ауыл шаруашылық жерлердің халықтың мал бағатын жерлердің қатарынан берілгендігін анықтайды. Бірақ та аталған 95 жердің 42-сі ресми түрде жойылған ауылдардың шегінде оргаласқан. Басқаша айтқанда, карта бойынша ауыл жоқ, демек ауылдың мал бағатын жері болып есептелінбейді. Даудың негізі жоқ, бірақ прокуратура өзінің актісін қайтарғысы келмейді. Мұны қалай түсінуге болады. Шенеуніктердің қағаздарды уақытылы өзгертпегенінен, жергілікті жер жоспарларына өзгерістерді енгізбегенінен 42 шаруа қожалығы неге зардап шегу керек?» — деді Бақытжан Базарбек.
Мәжіліс мінберінде Павлодар мен Қарағанды облысының жер бөлісі мәселесі де көтерілді, 17 гектар жерді екі облыстың дауласқанына 10 жылдан асқан.
«Бір жер Қарағанды әкімдігінің картасы бойынша Қарағанды облысының Осакаровка ауданы болып есептеледі, ал Павлодар облысы картасы бойынша Баянауыл ауданы болып есептеледі. Цифрлік министрлік пен Ұлттық картографиялық қордың мәлеметінше, аталған жер Павлодар облысына қарау керек, бірақ Қарағанды облысы менің жерім деп жармасып, даудың үстіне дау туғызып отыр.
Жағдайдың ұшыққаны соншалықты, 2004 жыл мен 2018 жылдар аралығында Осакаровка ауданы әкімдігі 10 жер учаскесін жер пайдалануға берсе, Баянауыл әкімдігі 5 жерді беріп, ақыры жерлер қабаттасып, соңы үлкен сот дауларына ұласып отыр. Бұл екі облыс пен тиісті министрліктің аталған мәселеге бей-жай қарауының себебінен орын алып отыр. Ал БҚО мен Орал қаласы бойынша жағдай тіпті ушығып отыр. Жергілікті билік комиссиядан заңсыз фактілерді жасыруға барынша тырысты», — дейді депутат.
Бақытжан Базарбектің пікірінше, бұл деректер жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның жүйелі жұмыс істемеуінің және әрбір әкімдіктегі жер беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық схемаларының көрінісі болып отыр.