Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бұрын-соңды болмаған жемқорлық былығы әшкере болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі университет басшыларының 321 миллион теңгені жымқырғанын анықтап, істі толық тергеп, сотқа жолдады. Афераға бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, қойма меңгерушісі және бірнеше мердігер компания басшылары қатысқан.
Тергеу материалы бойынша, күдіктілер жалған келісімшарттар жасап, тауарлар не мүлдем жеткізілмеген, не бағасы еселеп көтерілген.
Мәселен, университет басшылығы бір ғана креслоны 20 миллион теңгеге сатып алған, ал нарықтағы шынайы құны бар-жоғы 200 мың теңге болған.
Қазынаның миллиондарын жалған кәсіпкерлік арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліп отырған. Ұрлық ізін жасыру үшін күдіктілер ескі жиһаздарды ресми түрде есептен шығарып тастап, шын мәнінде ары қарай қолдана берген. Ал сатып алынуы тиіс жаңа құрал-жабдықтар іс жүзінде мүлде жеткізілмеген.
Тергеу кезінде айыпталушылар мемлекетке келтірген шығынның 264 миллион теңгесін өз еріктерімен қайтарған. Соттың шешімімен төрт тұрғын үй, автокөлік және күдіктілердің банк шоттарындағы 40 миллион теңге бұғатталды.
Айта кетерлігі, бұл университет басшыларына қатысты бірінші жемқорлық дауы емес. Бұған дейін ОҚУ-дың экс-ректоры Қайрат Нұрманбетов пен оның орынбасарлары 256 миллион теңгені жалған тендер арқылы ұрлады деген күдікпен үйқамаққа алынған болатын.
Олар жымқырған ақшасына элиталы коттедж бен алты қымбат автокөлік сатып алған. Ал Нұрманбетовтың өзі 2024 жылдың қыркүйегінде жиһаз жеткізуші компаниядан 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген айыппен ұсталған еді.
Еліміздің оңтүстігіндегі іргелі оқу ордасы білім емес, жемқорлықтың ошағына айналғандай әсер қалдырып отыр. Қазір екі бірдей іс те сот қарауында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

