Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай елордадағы Белсенді ұзақ өмір орталығында кимешек тігуден шеберлік сабағы ұйымдастырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға «Тігін» үйірмесінің мүшелері, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының өкілдері және орталық қызметкерлері қатысты. Бағдарлама ұлттық биімен ашылып, қатысушылар бірден мерекелік атмосфераға енді.
Шеберлік сабағы барысында қазақ ою-өрнектерінің мазмұнына ерекше мән берілді. Қатысушылар әрбір өрнектің өзіндік мағынасы бар екенін, оның халықтың дүниетанымы мен тұрмыс-салтын бейнелейтінін білді.
Байқоңыр ауданы Белсенді ұзақ өмір орталығының бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Бақыт Байманованың айтуынша, мұндай шаралар дәстүрді жаңғыртуға бағытталған.
– Орталығымызда еңбек терапиясы үйірмесі жұмыс істейді. Біз жыл сайын ұлттық киім тігу бойынша шеберлік сабақтарын өткіземіз. Қатысушылар тек киім тігіп қана қоймай, жәрмеңкелерге қатысып, өз бұйымдарын ұсынады. Сонымен қатар «80+» клубының мүшелері де белсенді. Олар жоғары шеберлік көрсетіп келеді, – деді ол.
Практикалық бөлімде қатысушылар кимешек тігу процесін толық меңгерді. Алдымен материалдар дайындалып, барқыт, атлас, астарлық мата, шұға және түрлі-түсті жіптер пайдаланылды. Қауіпсіздік талаптары түсіндірілген соң өлшемдер алынып, мата кесілді.
Кейін дәстүрлі «біз кесте» және «маржан тігіс» әдістері арқылы өрнектер түсірілді. Соңғы кезеңде дайын бұйымдар жинақталып, негізгі және астарлы маталар біріктіріліп, шеттері өңделіп, сәндік элементтермен толықтырылды.
Бұл шеберлік сабағы ұлттық киімге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар дәстүрлі қолөнерді сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жеткізудің тиімді жолына айналып отыр.
Айтқандай, Gmail-дегі поштаңызды жылдам тазалауға мүмкіндік беретін ерекше функция бар екенін білесіз бе? Осы тәсілмен электронды поштаңызды бірнеше секундта ретке келтіруге болады екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







