Кеше түнде тұтқындалған танымал заңгер Әділетхан Молдаханның туған інісі үндеу жасап, қазақтілді қауымнан қолдау сұрады деп жазады Ertenmedia.kz.
Әзімхан Молдаханның айтуынша ағасының еш жазығы жоқ. Біреулер оның сағын сындыруды көздеп отырғандай.
«Ағамды екі қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тартқалы жатыр. Алғашқысы атышулы 174-ші бап, әлеуметтік-ұлттық араздықты қоздыру. Түсінгенім, түнеукүні қазақ қыздарына тіл тигізген Ресейден келген блогерлердің ісі бойынша. Екінші бап, Қылмыстық кодекстің 274 бабы, жалған ақпарат тарату. Ағам Әл-Фарабидегі ауыр апаттың астарына үңіліп, анық-қанығын анықтаған еді. Ол жерде ешқандай жалған ақпарат жоқ. Тек шындық қана жұртқа жария болды. Бұл іс оны қамап тастауға себеп болмауы тиіс», — деді ол.
Заңгердің інісі қалың орман қазақтілді қауымнан барынша қолдау күтіп отыр. Айтуынша, мұндай мамандарды аяқтан шалған ақылға сыймайды.
Айта кетелік, Алматыдағы жантүршігерлік апат туралы мәлімдеме жасап, полицияның қатысы болуы мүмкін деген болжамды алғаш жариялаған заңгер Әділетхан Молдахан болатын.
Оның айтуынша, сол түні Zeekr және басқа бірнеше автокөлік Достық даңғылынан бастап заңсыз жарыс ұйымдастырып, Әл-Фарабимен сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйткіген.
Сондай-ақ, заңгер кейбір көліктердің жалған нөмірмен жүргенін және олардың арасында полицияның жоғары лауазымды қызметкеріне тиесілі болуы мүмкін екенін де атап өткен еді.
Қазірге дейін полиция департаменті заңгердің ұсталуы туралы ресми түсініктеме берген жоқ.
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат туралы мәлімдеме жасап, полицияның қатысы болуы мүмкін деген болжамды алғаш жариялаған заңгер Әділетхан Молдахан ұсталған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







