Фукуок – Алматы бағытында ұшқан Air Astana ұшағы техникалық ақауға байланысты әуеге көтерілген әуежайына қайта оралды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 желтоқсанда КС 162 рейсі бойынша сапарға шыққан ұшақтың барлық әжетханасы істен шыққан.
Ұшақ Фукуоктан жергілікті уақытпен сағат 10:04-те (Астана уақытымен 08:04) әуеге көтерілген. Ақау анықталған соң, кері қайтуға шешім қабылданып, жергілікті уақыт бойынша 14:14-те (Астана уақытымен 12:14) аман-есен қонған.
Қазіргі уақытта ұшақтағы ақауды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Рейс 27 желтоқсан күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 04:00-ке шегерілген.
Жолаушылар ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етілді. Әуе компаниясы жолаушыларды қонақүйге орналастыру және трансфер ұйымдастыру мәселесін шешіп жатыр. Air Astana болған жағдай үшін жолаушылардан кешірім сұрады.
Соңғы кездері компанияға тиесілі ұшақтардың техникалық ақауы жиілеп кетті.
Айта кетсек, 17 желтоқсан күні Air Astana ұшағы салондағы түтінге байланысты «MAY-DAY» дабылын қосып, әуеге көтерілген әуежайына қайтып қонған болатын. Оның алдында компанияның Алматы – Бангкок бағыты бойынша ұшқан ұшағы техникалық себеппен Делиге шұғыл қонуға мәжбүр болған.

