Асхат Аймағамбетов Ұлттық банктің жұмысындағы бірқатар оң тенденцияларды тілге тиек етті, — деп жазады Ertenmedia.
Депутаттың пікірінше талай жыл бойы бюджет дефицитін жабумен айналысқан Ұлттық банк соңғы кезде белсенді инвестициялық стратегияға бет бұрған.
Аймағамбетовтің айтуынша, былтыр Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтерінен түскен инвестициялық табыс 3,4 трлн теңгені құраған. Ең бастысы, табыстылық инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жеткен.
Депутат осы орайда зейнетақы қорындағы қаражаттың кірістілік деңгейіне заң жүзінде кепілдік беру керектігін айтады.
«Зейнетақы ақшасы бюджеттің жыртығын жамауға, мемоблигацияларды немесе тиімсіз жобаларды қаржыландыруға жұмсалмай, жоғары табыс әкелетін құралдарға салынсын (инвестициялансын). Заңнамалық тұрғыда «минималды кірістілік міндеттемесі» енгізілсе, азаматтардың өз жинағына деген сенімі артады», — дейді ол.
Аймағамбетов бір топ депутаттың осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Тағы бір жағымы үрдіс: 2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 4,5 млрд долларды құраған. Бұл 7,5 пайыздан астам кірістілікке сәйкес келеді. Депутат мұндай көрсеткішке қол жеткізу басқару стратегиясын жаңаша қарастырудың нәтижесінде мүмкін болғанын айтады.
Айта кетелік, бірқатар сарапшылар бұған дейін Ұлттық қор инвестициясының тым консервативті сипатын сынға алған болатын.
Мәжілісменнің пікірінше, 4,5 млрд доллар Қазақстан бюджеті үшін айтарлықтай ақша. Егер осы үрдіс сақталса, Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер әлдеқайда орнықты болмақ.
Сүлейменов басқаратын қаржы институты соңғы кезде алтын-валюта қорын да ұлғайтып жатыр. Аймағамбетовтің мәліметінше, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері бір жылда 27,4 пайыздық өсім көрсетіп, 45,8 млрд долларға жеткен.
«Бұл біз үшін тәп-тәуір «қауіпсіздік жастығы». Министрлердің көбі әлемжелі арқылы әдемі есеп беріп, өз ісін жарнамалауды жетік меңгерген тұста, Ұлттық банкте мұндай пиар жасау дағдысы біршама әлсіз. Тіпті өз жетістіктерін көрсетуге де аса мән бермейді. Дегенмен соңғы мәліметтер банк жұмысының нақты нәтиже бергенін көрсетіп отыр. Зейнетақы активтерінен түскен 3,4 трлн теңгелік табыс, Ұлттық қордың жылдық 7,5 пайыз кірістілігі және алтын-валюта резервтерінің 45,8 млрд долларға өсуі осының дәлелі», — дейді депутат.