Қазақстанда бала дамуына бағытталған жаңа жүйелі қадам жасалды. Астанада өткен «Қазақстандағы әрбір бала үшін – жарқын бастау» халықаралық конференциясында «Сәтті бастау» бағдарламасы қабылданып, 2025-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл құжат Үкіметтің үш министрлігі мен ЮНИСЕФ ұйымының бірлескен жұмысының нәтижесі. Конференцияға ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар, сондай-ақ сегіз елден келген сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – бала дүниеге келген сәттен бастап оның толыққанды дамуына жағдай жасау. Яғни денсаулық, білім, әлеуметтік қолдау және психологиялық қызметтерді бір жүйеге біріктіру көзделген.
Жоспар алты бағытты қамтиды. Оның ішінде заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты күшейту, мамандардың біліктілігін арттыру, мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту, тұрақты қаржыландыру жүйесін қалыптастыру және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бар.
Сонымен қатар бірыңғай цифрлық платформа құру, ата-аналарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін енгізу де қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл бағытта соңғы жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген.
«Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Бұл – ел халқының үштен бірі. Соңғы жылдары балалар медицинасына бөлінетін қаржы екі еседен астам өсіп, 670 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде бала мен нәресте өлімі тарихи төмен деңгейге түсті», – деді министр.
Бүгінде елімізде балаларға арналған 240 арнайы орталық жұмыс істейді. Олар логопедиялық, психологиялық және оңалту қызметтерін көрсетеді. Сонымен қатар ерте жастағы балалардың даму деңгейін бақылауға арналған жаңа мониторинг жүйесі іске қосылған.
Балалардың дамуын ерте кезеңнен бақылау үш бағытта жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау жүйесі медициналық көмекті қамтамасыз етсе, білім беру саласы түзету бағдарламаларын әзірлейді, ал әлеуметтік қорғау жүйесі отбасыларға қолдау көрсетеді.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта барлық бала мен жүкті әйелдер әмбебап патронаж қызметімен қамтылмақ. Оның ішінде балалардың шамамен 30 пайызына кеңейтілген қолдау көрсетіліп, дамуында ауытқуы бар 15 пайызы арнайы бақылауға алынады.
«Сәтті бастау» бағдарламасы тек әлеуметтік жоба емес. Бұл – баланың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. Құжат ведомствоаралық байланысты күшейтіп, балалар мен отбасыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, Қазақстанда әр баланың тең мүмкіндікке ие болуы үшін кешенді жүйе қалыптасып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







