Президент Тоқаев Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновтің елдегі жоғары мемлекеттік қызметке лайық деп танылу себебін айтты. Мемлекет басшысы Қариннің стратегиялық пайымын, ал Бектеновтің Үкімет басындағы тәжірибесін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтай отырысында Президент вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды. Тоқаев оның мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткенін және елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруға тікелей атсалысқанын айтты.
«Ерлан Қаринді ел жақсы біледі. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл жұмыс істеген, білімі терең, тәжірибесі мол, нағыз отаншыл азамат. Ауқымды реформаларды іс жүзінде жүзеге асыруға қатысты. Мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиясы мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму келешегін айқын түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы қызметке лайық деп санаймын», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, вице-президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша міндет атқарады. Ол билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға атсалысып, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Конституция мен Президент тапсырмасына сәйкес өзге де міндеттер жүктеледі.
Мемлекет басшысы Құрылтайдағы партия фракциялары жетекшілерінің пікірін ескере отырып, премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновті қайта ұсынды.
Президент оны мемлекетшіл, сауатты әрі жауапкершілігі жоғары маман деп сипаттады. Бектеновтің бұған дейін Үкіметті нәтижелі басқарғанын да атап өтті.
«Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан бүгінде тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналды. Түрлі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен атқарылатын жұмыс әлі көп. Тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, мемлекетті одан әрі дамыту мәселесі өзекті болып қала береді. Осы міндеттерді табысты орындау үшін бәріміз күш біріктіруіміз керек», – деді Тоқаев.
Дауыс беру қорытындысында Құрылтай депутаттарының басым бөлігі Ерлан Қаринді вице-президент, Олжас Бектеновті премьер-министр қызметіне тағайындауды қолдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







