Ақтау қаласындағы 4А шағынауданда орналасқан «Ақбота» саябағын кешенді жаңғырту жобасы таныстырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға таныстырылды. Негізгі мақсат қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру.
«Ақбота» саябағының жалпы аумағы 107 мың шаршы метрден асады. Жобаны қаржыландыру «NCOC» компаниясының демеушілігі есебінен жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Конкурстық рәсімдер өткізілді. Енді мердігер мекеме – «Оңдасын Строй» ЖШС-мен келісімшартқа қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңғырту аясында саябақтағы жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, автотұрақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар серуендеу аллеялары, тынығу аймақтары, көлеңкелік қалқалар, балалар және спорт алаңдары, скейт-парк, интерактивті аймақтар мен құрғақ субұрқақ салу жоспарланған.
Көгалдандыру жұмысына да ерекше көңіл бөлінеді. Саябаққа өңір климатына бейім ағаштар мен бұталар отырғызылады. Жоба саябақты жыл бойы пайдалануға мүмкіндік беретіндей етіп жасалмақ. Қыс мезгілінде мұз айдыны мен сырғанақтар ұйымдастыру көзделген.
Нұрдәулет Қилыбай қоғамдық кеңістіктердің сапасы тұрғындардың өмір сүру жайлылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, «Ақбота» саябағы қала тұрғындары үшін ыңғайлы демалыс орнына айналуы керек.
«Абаттандыру, көгалдандыру және қауіпсіздік мәселелері жоғары деңгейде орындалуы қажет. Бұл аумақ халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістік болуға тиіс», деді облыс әкімі.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда «Ақбота» саябағы Ақтаудағы негізгі демалыс орындарының біріне айналады. Жаңартылған аумақ тұрғындарға серуендеуге, спортпен шұғылдануға, балалармен демалуға және мәдени уақыт өткізуге қолайлы орта қалыптастырмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







