Қазақстанның ірі қорғасын-күміс кеніші саналатын Алайғыр жобасы толықтай қытайлық инвестордың қолына өтпек.
Zhejiang Mining Heavy Industry Co. Ltd. еншілес компаниясы – Hainan Changxing «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясынан «СП Алайғыр» ЖШС-ның 100% үлесін сатып алу туралы шартты келісім жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәміле арқылы Hainan Changxing «Алайғыр» серіктестігінің акциясымен қатар, қазақстандық компанияның «Тау-Кен Самұрық» алдындағы 28,7 миллиард теңгеден асатын берешегін де өз мойнына алады. Мәміленің нақты құны түпкілікті қаржылық тексерістен кейін белгілі болмақ.
Әзірге алдын ала шартты баға 350 миллион теңге. Келісім 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін аяқталады деп күтілуде.
Алайғыр Ұлытау облысының аумағында орналасқан ірі полиметалл кеніші. Қорғасын мен күміс өндіруге бағытталған жоба жылына 900 мың тонна руда өңдеуге есептелген. Әзір өндіріс басталған жоқ.
Қытайлар кенішті күмістің әлемдік нарықтағы бағасы шарықтап, ең жоғары деңгейге жеткен сәтте сатып алып отыр. Өткен жылдың желтоқсанында күмістің унциясы 66 доллардан асып жығылған болатын.
Zhejiang Mining Heavy Industry Қытайдағы тау-кен өндірісіне арналған жабдықтар шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі. Экологиялық таза әрі инновациялық техника шығаруға маманданған компания 2020 жылы Шэньчжэнь қор биржасына шыққан осы саланың алғашқы өкілі болды.
Бұған дейін біз Бейжіңнің Қазақстанның вольфрам кеніштеріне «құда түскен» Ақ үйдің амбициясынан үрейленіп отырғанын жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

