Алматыда ауа температурасы +15–20 градусқа дейін көтерілсе де, үйлердің батареялары әлі де қайнап тұр. Тұрғындар пәтерлердің тымырсық ауасына шағымдануда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала әкімдігі жылуды өшірудің нақты ережесі бар екенін еске салды. Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 15 қазандағы № 27-145 шешіміне сәйкес, жылуды өшірудің шарты сырттағы ауа температурасының үш күн бойы қатарынан тәулігіне орта есеппен +10 градустан жоғары болуы. Бұл көрсеткіштер бес тәулік бойы тұрақты сақталуы тиіс.
Осы талаптар толық орындалғаннан кейін ғана жергілікті билік ресми шешім қабылдайды.
Жылу кезең-кезеңімен тоқтатылады: алдымен әкімшілік ғимараттар, сосын тұрғын үйлер, ең соңында мектептер, балабақшалар мен ауруханалар секілді әлеуметтік мекемелер өшіріледі.
Қалалық әкімдік жылу беру маусымының аяқталу күнін қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







