Алматыда толық жаңартылған телекоммуникация және машина жасау колледжі қайта ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңарған оқу орнының жағдайымен қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы танысып, бес блоктан тұратын заманауи кешенді аралап көрді.
Жаңғыртылған оқу кешеніне зертханалар, тәжірибелік оқу шеберханалары, спорт залдары мен 118 орындық студенттік жатақхана кіреді. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық бейімделген.
Колледж қазақ және орыс тілдерінде дуалды оқыту жүйесі бойынша мамандар даярлайды. Білім ордасының жалпы жобалық қуаты – 1050 студент. Оның 340-ы тікелей колледжде білім алса, қалған студенттер аталған салаларға қатысты кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді.

Сондай-ақ, қала әкімі ескі тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан көппәтерлі үйлердің құрылыс жұмыстарын да тексерді. Түрксіб ауданындағы Алтай-2 шағынауданында қазірдің өзінде 6 ескі тұрғын үй сүріліп, ондағы 48 меншік иесі түгелдей жаңа пәтерлерге көшірілген.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда 670 ескі үйдің тұрғындары жаңа баспаналы болды.
Таяуда Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды Orascom Investment Holding холдингінің төрағасы Нагиб Савириспен кездесіп, туризм саласын даымтуды талқылаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

