Алматы облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыздықтарға жол бермеу мәселелері жан-жақты талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын барысында Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахманов баяндама жасады. Ол 2022-2025 жылдар аралығында облыста ауыл шаруашылығына тиесілі, алайда пайдаланылмай жатқан 1,26 млн гектар жер анықталғанын айтты.
Оның мәліметінше, осы уақыт аралығында 517,2 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, тек 2025 жылдың өзінде 91,1 мың гектар жер қайта алынған. Бүгінде 323 мың гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілгенімен, 9,4 мың гектар жер бойынша сот процестері әлі жалғасуда.
Сонымен қатар, 2,1 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде тіркеліп, тағы 272,6 мың гектар бойынша жер салығын арттыру туралы шешім қабылданған.
– Жерді мемлекет меншігіне қайтару ғана емес, оны тиімді әрі нақты пайдалану маңызды. Биыл қосымша 40 мың гектар жерді қайтарылмақ. Сонымен қатар бес инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды және Алматы маңында үш индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырмыз, – деді Аманжол Әбдірахманов.
Мемлекетке қайтарылған жерлердің 165,9 мың гектары конкурс арқылы үлестірілсе, 138,5 мың гектары жергілікті тұрғындардың мал жайылымына, ал 18,5 мың гектары инвестициялық жобаларға берілген.
Жер ресурстарының заңсыз айналымы
Жиында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері де талқыланды. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаеваның айтуынша, Алматы облысында 296 карьер бар, олар өңір мен Алматы қаласының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр.
– 2025 жылы бюджетке карьерлерден түскен түсім 18,2 млрд теңгеге жетті. Алайда заңсыз өндіру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Биылдың өзінде 18 заңсыз карьер анықталып, мемлекетке 15,1 млрд теңге көлемінде зиян келген, – деді Айгүл Манасбаева.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиын соңында жер ресурстарын заңсыз пайдалану экономикаға да, экологияға да айтарлықтай зиян келтіретінін атап өтті.
– Жер ресурстары мен пайдалы қазбаларды заңсыз пайдалану деректері бойынша сот процестерін, тексерістерді күшейтілді. Барлық заңсыз шешімдердің күшін жою қажет, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар әкім ауыл шаруашылығы жерлерін бөлшектеп сатуды тоқтату керектігін айтты. Сондай-ақ, аумақтарды нақты жоспарлау мен бақылау бекеттерін орнатуды және ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейтуді тапсырды.
Айтқандай, Қонаев қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

