Алматы облысында жастар саясаты белсенді түрде жүзеге асып, мыңдаған жас азамат нақты жұмыс орындарымен қамтылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 27 360 жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде 7 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысты мемлекеттік «Enbek.kz» порталы арқылы тапты. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны», жастар тәжірибесі және ұрпақтар келісімшарты сияқты арнайы бағдарламаларға 3900-ден астам жас тартылды.
Өз ісін ашуға ниеттенген жастарға да мемлекеттік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, «Бизнес бастау» жобасы бойынша 91 азаматқа өз кәсіптерін дамыту үшін 1,5 миллион теңгеден мемлекеттік грант берілді. Бұдан бөлек, өңірде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары табысталып, «Заңғар сыйлығы» аясында қаржылай ынталандыру шаралары іске асырылды.
Жастардың жұмыспен қамтылуы үшін ауылдық аймақтарға ерекше назар аударылды. «Жасыл ел» жобасы аясында ауыл жастары маусымдық жұмыстарға тартылып, табыс тапты.
Сонымен қатар, облыс еріктілері республикалық «Игі істер» марафонында «Ең мейірімді аймақ» атағын жеңіп алды. Ал «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бойынша 5 ұйым үздік деп танылды. Волонтерлік қызметті жүйелендіру және дамыту мақсатында арнайы электронды қосымша әзірленді. Бұған қоса өңірдің белсенді жастары қатысқан түрлі форумдар мен кездесулер тұрақты өткізіліп отырды.
2025 жылы өңірдің бірқатар ауданында жастарға арналған жаңа орталықтар іске қосылды. Атап айтқанда, Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарында жастар орталықтары ашылып, Қонаев қаласында заманауи коворкинг орталығы пайдалануға берілді. Жақын арада Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында тағы да 4 жаңа жастар орталығын ашу жоспарланған.
Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтың айтуынша, алдағы уақытта жастардың инфрақұрылымы мен жұмыспен қамтуға бағытталған ауқымды жоспар әзірленуде.
– Біз 3 жылдық арнайы жоспар дайындап жатырмыз. Әсіресе, Алматы қаласына жақын орналасқан Іле, Талғар, Қарасай аудандарындағы миграциялық мәселелерді шешіп, жастарға тұрақты жұмыс орындарын құруды көздейміз. Ауылдарда жастарға арналған инфрақұрылымды дамытуды да басты назарға аламыз, – деді Мәди Ахметов.
Айта кетейік, Алматы облысында қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі 432 мыңнан астам азамат тұрады. Жастар облыс халқының 30%-ын құрайды. Қазіргі қолға алынған шаралар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған.
Алматы облысында халық саны мен жастар үлесі ең жоғары саналатын Қарасай ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында Жастар ресурстық орталығының жаңа екі қабатты ғимараты пайдалануға берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







