Алматы облысында медициналық қызмет сапасы артып, ауыл тұрғындары үшін денсаулық сақтау қолжетімді бола түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 44 жаңа медициналық нысан ашылды. Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 38 медициналық мекеменің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Осылайша, шалғай ауыл тұрғындары медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарындағы ауданаралық көпсалалы ауруханалар толығымен жаңғыртылды. Сонымен қатар, Есік қаласында аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсететін заманауи перинаталдық орталық пайдалануға берілді.
– Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік медициналық мекемелердің саны 356-ға жетті. Оның ішінде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен алғашқы медициналық көмек көрсету орталықтары бар. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы 93 пайызға дейін жаңартылды, – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.
«Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында облыстың медициналық ұйымдары МРТ, ангиограф, жылжымалы маммограф, операциялық микроскоптармен жабдықталды. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен күрес үшін қосымша 27 заманауи құрал сатып алынды.
Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 90 жаңа санитарлық көлікпен толықтырылды. Шалғай ауылдарға медициналық қызмет көрсету мақсатында 9 жылжымалы медициналық кешен тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Нәтижесінде, облыста өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген: жалпы өлім-жітім – 1,5%-ға, нәресте өлімі – 26%-ға азайған. Жүрек-қан тамырлары аурулары 3,3%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 5%-ға қысқарған. Ал туберкулез салдарынан болатын өлім көрсеткіші екі есе азайған.
Өңірдегі медициналық кадр мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. 2025 жылы облысқа 183 жас маман жұмысқа келген. Олар жергілікті гранттар есебінен білім алған. Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде біржолғы төлемдер мен басқа да ынталандырулар қарастырылған. Осы арқылы маман тапшылығы екі есеге төмендеді.
Облыс басшылығы аталған шараларды биыл да жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл медицина сапасының жақсаруына және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға оң әсерін тигізеді.
Алматы облысы Қытайдың Шыңжаң өңірімен экономикалық және аграрлық байланысын күшейтуге бағытталған нақты қадамға көшті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







