Алматы облысында қоғамдық көлікті жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өңірде жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту, жаңа бағыттар ашу және автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту шаралары қолға алынған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда елді мекен тұрғындарының қоғамдық көлікке деген қолжетімділігін арттыру – басты назарда. Осы мақсатта жақында Алатау қаласы мен Ұйғыр ауданында екі жаңа автобус бағыты ашылды.
Бұл қадам жергілікті тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп, бұрынғы бағыттардың жүктемесін азайтқан. Сондай-ақ «Алматы облысы Автобус паркі» ЖШС өз бастамасымен тағы екі жаңа маршрутты іске қосып отыр.
Жаңа бағыттармен қатар, қоғамдық көліктердің сапасын арттыру және автопарктерді жаңарту да маңызды міндет болып отыр. Биыл өңірге барлығы 31 жаңа автобус әкелінеді деп жоспарланған. Бүгінгі таңда соның алғашқы легі – 9 автобус Талғар ауданында қолданысқа берілді.
Оның ішінде 5 заманауи Yutong және 4 Isuzu маркалы автобус тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жатыр.
Облыс басшылығы атап өткендей, жаңа көліктерді іске қосу жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халыққа қолайлы жағдай жасайды.
Бұл жұмыстар өңірдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, жолаушылардың жайлы және қауіпсіз қатынауына жол ашады. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, халықты сапалы көлікпен қамтуға басымдық беріле бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







