Алматы қаласында троллейбус көлігі одан әрі дамытатын болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда қалада қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатыр. Әкім орынбасарының айтуынша, бұл жұмыстар саябақтарды, өзен жағалауларын, көшелер мен қоғамдық орындарды бірыңғай стандарт негізінде көріктендіруді көздейді. Оның басты мақсаты адамға бағытталған, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыратын орта қалыптастыру.
Қаладағы ірі жобалардың қатарында Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту жұмысы бар. Жоба аясында саябақтың кіреберіс аймақтары жаңартылып, басты субұрқақ қайта жөнделеді. Ол жыл он екі ай жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар балалар мен спорт алаңдары салынып, жаяу серуендеу мен демалыс орындары кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, Есентай өзенінің жағалауын, Баум тоғайын, Геологтар аллеясын және қала көшелерін «қасбеттен қасбетке дейін» деген ұстаныммен абаттандыру жалғасып жатыр. Барлық жұмыстар көгалдандыру, жарықтандыру және кедергісіз ортаны қамтамасыз етудің бірыңғай стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Брифинг барысында қаладағы электр көлігін дамыту мәселесі де көтерілді. Алмасхан Сматлаев троллейбус желісін жою жоспары жоқ екенін атап өтті.
– Троллейбус экологиялық таза, сенімді әрі әлеуметтік тұрғыдан маңызды көлік түрі. Соңғы жылдары оның инфрақұрылымын жаңартуға қомақты қаржы бөлініп, жылжымалы құрам толық жаңғыртылды. Қазіргі таңда инфрақұрылымды жаңартып, заманауи технологияларды енгізу арқылы бұл көліктің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді әкім орынбасары.
Сөз соңында Алмасхан Сматлаев ауқымды абаттандыру жұмыстары қала тұрғындары үшін белгілі бір қолайсыздықтар туғызуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен жұмыстар кезең-кезеңімен, жол учаскелерін уақытша жабу және қосымша бағыттар ұйымдастыру арқылы жүргізілетінін ескертті.
«Осы жобалардың нәтижесі ұзақ мерзімді сипатқа ие. Атқарылып жатқан жұмыс – Алматының тұрақты дамуына қосылған инвестиция», – деп қорытындылады әкім орынбасары.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

