Алматыда алдағы республикалық референдумға дайындық аясында арнайы брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараның өткені «Ауғанстандағы ардагерлердің үйлестіру кеңесі», «Ер Азамат» және «Almaty Azamattyq Alliance», «Дауыс» сынды қоғамдық ұйымдар атсалысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Брифинг барысында Конституциялық өзгерістердің маңызы, азаматтық белсенділіктің қоғамды дамытудағы рөлі және бақылаушылардың міндеттері кеңінен сөз болды. Ұйымдастырушылар Алматы қаласында 2500-ден астам тәуелсіз бақылаушыны даярлау бойынша арнайы бағдарлама басталғанын хабарлады. Бұл бастама әсіресе жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, сайлау процестерінің әділдігін қамтамасыз етуге сеп болмақ.
«Social project management» орталығының басшысы Александр Бартенковтың айтуынша, бақылаушыларды дайындау сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Тәуелсіз бақылаушы сайлау процесінің толыққанды қатысушысы. Сондықтан олардың біліктілігі мен дайындығы аса маңызды. Біз бақылаушылардың заң талаптарын жетік меңгеруін қатаң қадағалаймыз. Жауапкершілік те зор, өйткені олардың жұмысына қарап, халық дауыс берудің ашықтығына сенеді. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады, – деді Ауғанстандағы ардагерлердің үйлестіру кеңесінің жетекшісі Александр Бартенков.

Қоғам белсендісі Ержан Тәңірбергеновтың ойынша, бақылаушының бейтарап әрі кәсіби болуы референдум нәтижесінің әділдігіне кепілдік береді.
– Байқаушы өз міндетін тек заң аясында орындайды, ол ешкімнің мүддесіне қызмет етпеуі керек. Біздің басты мақсат – сайлау учаскелеріндегі ашықтықты қамтамасыз ету. Сондықтан байқаушылардың әрқайсысы нақты оқу бағдарламасынан өтеді, түрлі практикалық жағдаяттарға дайын болады. Заңды жақсы білетін, азаматтық позициясы айқын адамдар ғана бақылаушы болып бекітіледі, – деді Ержан Тәңірбергенов.
Сонымен қатар брифингке қатысушылар дауыс беру процесін бақылауға қатысудың маңыздылығын атап өтті. Олар әр азаматтың референдумға қатысып, Конституциялық өзгерістерге өз пікірін білдіруі ел болашағы үшін аса маңызды қадам деп есептейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, референдум күнінде учаскелерде кез келген мәселеге жедел ден қою үшін мобильді техникалық қызмет пен арнайы үйлестірушілер жұмыс істейді. Олар дауыс беру процесінің үзіліссіз әрі ашық өтуіне жағдай жасайды.
Азаматтық қоғам өкілдері мұндай шаралардың ашықтықты қамтамасыз етіп, Конституцияның халықтық сипатқа ие болуына ықпал ететінін жеткізді. Сондықтан референдумға белсенді қатысуға әрбір азамат шақырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







