Алматыда газ жабдықтарының қауіпсіздігін бақылау жұмыстары күшейтілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Қайырхановтың айтуынша, қалада өрт пен жарылыс қаупінің алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тұрақты профилактикалық шаралар жүргізілуде.
2025 жылы қалада газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша ауқымды ақпараттық айлық өткізілген. Нәтижесінде, мамандар 200-ге жуық нысанды тексеріп шықты. Оның ішінде 22 базар, 29 сауда-ойын-сауық орталығы, автономды қазандықтары бар 25 нысан, 24 газдандырылмаған жатақхана мен хостел, сондай-ақ 97 қоғамдық тамақтану орны қамтылған.
Әсіресе әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардың үйлеріне ерекше назар аударылуда. Олар тұратын үйлерге газ бен көміртегі тотығын анықтайтын арнайы құрылғылар мен өрт хабарлағыштары орнатылады. Бұл іске төтенше жағдайлар қызметі, полиция және еріктілер қатысып келеді.
Жыл басынан бері Алматының Әуезов және Алмалы аудандарында профилактикалық жұмыстар өтті. Алдағы уақытта қаладағы барлық аудан қамтылмақ.
Сонымен қатар, тұрғындардан түскен өтініштер бойынша жоспардан тыс тексерулер де тұрақты жүргізіледі. Биыл осындай 7 тексеру жасалып, жалпы сомасы 86 500 теңгені құрайтын айыппұл салынды.
Жалпы, өткен жылы 47 тексеру жүргізіліп, 33 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 684 мың теңгеден асқан.
Жандос Қайырхановтың айтуынша, газ жабдықтарының қауіпсіздігі қаладағы басты міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы бақылау мен тексеру жұмыстары алдағы уақытта кеңейе түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







