Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айттың алғашқы күні, яғни 20 наурызға арналған айт намазының нақты уақытын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Намаз уақыты өңірлер бойынша күннің шығуына қарай әртүрлі белгіленген.
Жарияланған кестеге сай, Алматы мен Абай облысында айт намазы таңғы 07:00-де басталады. Астана, Шымкент және өзге бірқатар аймақта жамағат 07:15-те сапқа тұрады. Қостанай, Қызылорда және Ұлытау облыстарында уақыт 07:30 болып бекітілген.
Батыс өңірлерде айт намазы сәл кешірек оқылады. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жамағат мешітке 08:30-да жиналады.
Мүфтият өкілдері тұрғындарға мешітке ертерек келіп, алдын ала дайындалуға кеңес берді. Сонымен қатар мереке күні қоғамдық тәртіпті сақтау, тазалыққа мән беру және бір-біріне құрмет таныту маңызды екені еске салынды.
Құрбан айт биыл 27-29 мамыр аралығында өтеді. Ал Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ораза айт 20 наурызға сәйкес келеді. 16 наурыздан 17 наурызға қараған түн Қадір түні ретінде белгіленген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







