Алматыда ауаның ластануын кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған жаңа ережелер қабылданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қала мәслихаты мақұлдаған құжат Экологиялық кодекс аясында әзірленген. Алматы әкімдігі былтырғы көрсеткіштер қаладағы ауаны қорғау саясатын қайта қарау қажет екенін көрсетті дейді. Былтыр агломерация аумағынан ауаға тараған зиянды қалдықтың жалпы көлемі 225 мың тоннадан асқан.
Ластанудың негізгі көзі ретінде көлік қозғалысы, өндірістік және қоғамдық нысандар, монша, тамақтану орындары мен құрылыс объектілері, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер аталды.
Жаңа ережеге ең алдымен мәшінелер бағынышты болмақ
Автопарктердің жұмысына талап күшейеді: қозғалтқышты бос жүрісте қосып қоюға тыйым салынады, міндетті тазарту құрылғылары орнатылады, экологиялық тексеріс жиілейді. Сонымен қатар, техника кезең-кезеңімен жаңарып, көліктерден шығатын зиянды заттар Еуро-5 стандартына сәйкес болуы тиіс. Бұдан бөлек, қала билігі газ бен электр қозғалтқыштарына көшуді жеделдетуді көздеп отыр.
«Құжатта төмен эмиссиялы аумақтарды (LEZ) біртіндеп енгізу қарастырылған. Мұндай аумақтарда газ жүргізілген жағдайда көмір пайдалануға, қоқыс өртеуге және пиротехника қолдануға тыйым салынады. Генераторлар мен арнайы техника міндетті түрде тазалау жүйелерімен жабдықталуы қажет», – деп түсіндірді Алматы әкімдігі.
Контекст
Еске салайық, қазан айында IQAir рейтингі бойынша Алматы әлемдегі ауасы ең лас қалалардың төрттігіне кірген еді. Мұндағы ауа сапасы индексі 174-ке жетіп, тұрғындар денсаулығына қауіп төндірген. Бұл тізімде Алматыдан жоғары тек Лахор, Бейжің және Дели тұр. Ал Қазақстан аумағында Алматы соңғы бес жыл бойы ең лас қала мәртебесінен айырылмай келеді.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды бұған дейін өз жұмысына салақ қарайтын мердігерлерді жаппай сотқа берген болатын.

