Көктем жеміс ағаштарын отырғызуға қолайлы мезгіл. Алма ағашымен қатар бақшаңызға алмұрт отырғызғыңыз келсе, оның ерекшеліктерін білу маңызды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алмұрт күн сәулесі мол, құрғақ жерлерді жақсы көреді. Егер жер асты сулары жақын орналасқан ойпаң жерге отырғызсаңыз, көшет үсіп кетуі мүмкін. Басқа ағаштардан кемінде 5-6 метр қашықтықта отырғызған дұрыс.
Алмұрттың тамыр жүйесі алмадан тереңге кетеді, сондықтан көшет шұңқырының тереңдігі шамамен 100-120 см болғаны дұрыс. Егер көшеттің тамыры күшті өсетін түрінен болса, шұңқырдың диаметрі 100-120 см, ал ергежейлі сорт болса, 60-70 см жеткілікті.
Шұңқырдың түбіне 2-3 шелек шіріген көң салынады. Ортасына ұзындығы бір жарым метрге дейінгі қазық орнатылады. Қазықтың шіріп кетпеуі үшін оны отқа аздап күйдіріп немесе қарамаймен өңдеген жөн. Содан кейін шұңқырға топырақ үйіп, көшетті қазықтың солтүстік жағына тамыр мойны шұңқыр деңгейінен 3-5 см жоғары тұратындай етіп орналастырады.
Тамырларын мұқият жазып, үстінен топырақ себіледі. Арасында көшетті ақырын шайқап тұру керек, бұл топырақта бос кеңістіктердің қалмауына көмектеседі. Соңында жерді абайлап нығыздайды.
Отырғызған соң көшет айналасына шұңқыр жасап, екі шелек сумен суғарыңыз. Суарғаннан кейін ағаш түбін қарашірікпен, кепкен қарағай инелерімен немесе шымтезекпен бүркеу керек.
Алмұрт ағашы орын ауыстыруды жақтырмайды. Сол себепті оны бірден тұрақты орнына отырғызған дұрыс. Тұрақты жерге егілген көшет әдетте 7-8 жылдан кейін жеміс бере бастайды. Бірақ кейбір сұрыптары, жақсы күтілген жағдайда, 3-4 жылда-ақ жеміс береді.
Тағы бір маңызды ескерту: бақшаңызға тек бір сұрыпты алмұрт екпеңіз. Бірдей сұрыптардың өз тозаңымен тозаңдануы қиын. Сондықтан кемінде 2-3 түрлі сұрыпын отырғызған жөн.
Кейде алма мен алмұрт ағаштары егілгеннен кейін жақсы өсіп тұрғанымен, ұзақ уақыт бойы жеміс бермей тұрып алады. Мұндай жағдайда тәжірибелі бағбандар түрлі амалдар жасап, ағашты тезірек жеміс беруге мәжбүрлейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







