ALT University бизнес өкілдерімен және кәсіби қауымдастықтармен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда. Университетте қазақстандық SAMGA Petroleum компаниясы мен «Болашақ» қауымдастығының өкілдерімен кездесу өтіп, оның қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ALT University атынан кездесуге Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова, академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Абдрешов, корпоративтік және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Андрей Иванов, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының директоры Бағдат Телтаев, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы, мектеп директорлары мен департамент басшылары қатысты.
SAMGA Petroleum компаниясын бас директор Жәнібек Қатренов, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Арман Аралов және бас директордың ғылым жөніндегі кеңесшісі, қазақстандық геофизик ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор және ҚР ҰҒА академигі Әуез Әбетов таныстырды.
Жәнібек Қатренов сонымен қатар халықаралық білім беру бағдарламасының түлектерін біріктіретін, білім мен ғылым, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да салалардағы бастамаларды қолдайтын «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы болып табылады.

Заманауи технологиялар мен білім беру үдерісі
Кездесу барысында SAMGA Petroleum өкілдері геофизика мен сейсмикалық барлау саласындағы заманауи технологиялар туралы баяндады. Геофизикалық деректерді жинауға арналған STRYDE сейсмодатчиктерінің таныстырылымы ерекше қызығушылық тудырды. Қатысушылар өндірістің өзекті міндеттері мен технологиялық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Талқылаудың негізгі бағыттарының қатарында инженерлік білім беру, көлік логистикасы, ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар болды. Тараптар студенттердің кәсіби және дипломалды практикасын ұйымдастыру, сала сарапшыларының қатысуымен қонақ дәрістер өткізу, практикалық кейстер әзірлеу және түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін қарастырды.
Кездесу аясында қонақтарға ALT University кампусы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар университеттің инфрақұрылымымен, білім беру мүмкіндіктерімен және мамандар даярлау бағыттарымен танысты.

Ынтымақтастық туралы қос меморандум
Кездесу қорытындысы бойынша ALT University екі ынтымақтастық меморандумына қол қойды. SAMGA Petroleum компаниясымен жасалған меморандум білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, студенттердің практикалық даярлығын жетілдіруге және сала өкілдерімен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Ал «Болашақ» қауымдастығымен жасалған меморандум бірлескен білім беру және сараптамалық бастамаларды жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ университет жобаларына бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерін тартуға мүмкіндік береді.
Компаниялармен және кәсіби бірлестіктермен әріптестікті дамыту ALT University-дің білім берудегі практикалық бағытты күшейтуіне, студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтуіне және Қазақстан экономикасының өзекті сұраныстарына сай білікті мамандар даярлауына жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







