Ғалымдар ғарыштағы алып қара құрдымнан бұрын-соңды болмаған, аса қуатты жарқылды бақылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мамандардың болжамынша, бұл ерекше жарқыл алып қара құрдым өзіне тым жақын ұшып өткен алып жұлдызды жұтып қоюы салдарынан туындаған оқиға екенін алға тартты.
Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, жарқыл шарықтау шегіне жеткен сәтте Күннен 10 триллион есе жарық болған. Алып қара құрдым Жерден шамамен 11 миллиард жарық жылы қашықтықта орналасқан. Ал оның массасы Күн массасынан 300 миллион есе үлкен. Бір жарық жылы дегеніміз шамамен 9,5 триллион шақырым қашықтық.
Қара құрдым ғарыштағы өте тығыз және ауыр дене, оның тартылыс күші соншалықты, жарықтың өзі одан қашып құтыла алмайды. Ғалымдар көптеген галактикалардың ортасында осындай алып қара құрдым бар деп есептейді.
Аталмыш зерттеуде қарастырылып отырған қара құрдым, мысалы, біздің Құс жолы галактикасының ортасында орналасқан қара құрдымнан әлдеқайда алып екені белгілі болды. Құс жолындағы қара құрдымның массасы Күннен небәрі 4 миллион есе ғана үлкен.
Ғалымдардың пікірінше, ерекше жарқылға алып жұлдыздың қара құрдымға жақындауы себеп болған. Құрдымға жақындаған жұлдыздың материясы тартылыс күшіне төтеп бере алмай, оның айналасында спираль тәрізді айнала отырып, жоғары қуатты энергия жарқылын тудырған.
Зерттеушілер қара құрдымға жұтылған бұл жұлдыздың массасы Күннен кем дегенде 30 есе, тіпті 200 есеге дейін үлкен болуы мүмкін деп болжап отыр. Мұндай аса алып жұлдыздар өте сирек кездеседі. Себебі, ғаламда әдетте кіші көлемді жұлдыздар жиі түзіледі, ал өте алып жұлдыздар қысқа өмір сүреді.
«Бұл жұлдыз басқа бір алып аспан денесімен соқтығысып, бастапқы орбитасынан шығып кетуі мүмкін. Соның әсерінен қара құрдымның өте жақын орбитасына түсіп, ақыры өзіне жұтылып кетті», – дейді Caltech университетінің астрономы, зерттеу авторы Мэттью Грэм.
Контекст
Қара құрдымның маңына жақындаған жұлдыз, оның гравитациялық күшінің әсерінен «спагеттификацияға» ұшыраған. Яғни жұлдыз материясы ұзарып, жұқара келе, алып құрдымның айналасына спираль тәрізді тартылып, жоғары жылдамдықпен құлай бастаған. Осы құбылыстың нәтижесінде жұлдыздан шыққан материя қызып, жарқырай бастаған, содан соң құрдымға жұтылып кеткен.
Бұл жарқыл бұрын-соңды қара құрдым маңынан байқалған барлық жарқылдардан 30 есе жарық әрі қуатты болған. Ғалымдар бұл ерекше оқиғаны Калифорния, Аризона және Гавай аралдарында орналасқан телескоптармен бақылаған. Олар басқа да ықтимал құбылыстарды зерттеп көрген, алайда алынған мәліметтер тек жұлдыздың қара құрдымға жұтылу сценарийіне толық сәйкес келген.
Ғарыштың алыс аймақтарынан келген жарық бізге жеткенше миллиардтаған жыл өтетінін ескерсек, ғалымдар осындай құбылыстар арқылы ғаламның өткен дәуірлеріне куә болады.
Қазіргі таңда жарқылдың жарықтығы төмендеп барады, ал бұл бүкіл процестің толық аяқталуы шамамен 11 жылға созылады деген болжам бар. Осы ерекше құбылыс арқылы ғалымдар қара құрдымдар мен олардың айналасындағы жұлдыздар туралы құнды мәліметтерге ие болмақ.
Димаш тағы да Қытайды бағындырды! Қазақтың әйгілі әншісі қатысқан Voice Beyond Horizon шоуы 24 сағатта 102 миллион (!) қаралым жинады. Бір тәулікте бүтін бір елді таңғалдыру деген осы шығар!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

