Алматы қаласында Таиландтан келген пошта жөнелтілімін тексеру кезінде есірткі заты тәркіленді. Оқиға былтыр 8 қыркүйекте «Жетісу» кеден бекетінде болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мамандардың сараптамасы бойынша, табылған сұйықтық каннабис экстракты (гашиш майы) екені анықталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, есірткі тасымалын алматылық тұрғын Жамалбек Бекдәулет ұйымдастырған. Ол халықаралық пошта арқылы есірткі жеткізуді жоспарлаған және бұл мақсатқа үшінші тұлғаларды, яғни өз әрекетінің заңсыздығынан бейхабар азаматтарды пайдаланған.
Қазір күдікті қамауға алынып, оған есірткі заттарының контрабандасы мен заңсыз айналымы бойынша айып тағылуда. Қылмыстық істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары тасымал көлемін, күдіктінің іс-әрекетінің ауқымы мен нақты мотивтерін анықтауда.
Жамалбек Бекдәулеттің есімі жұртшылық назарын бірден аударды. Себебі ол 1990 жылдары министр, әкім, мәжіліс депутаты болған белгілі саясаткер Амалбек Тшановтың туысы болып шықты.
Амалбек Қозыбақұлы Тшанов тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихындағы танымал тұлға. Ол 1991 жылғы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі болған. 1992-1993 жылдары Шымкент қаласының әкімі, кейін Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және аумақтық даму министрі, Жамбыл облысының әкімі қызметтерін атқарған. 1999 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған.
Саясаткер кейінгі жылдары белсенді саясаттан алыстап, қоғамдық, әкімшілік жұмыстармен, сондай-ақ ғылыми қызметпен айналысып келеді. Енді отбасылық есімнің қайтадан қылмыстық іспен байланысты жаңалықтардың ортасында аталуы қоғамда қызу талқыланып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







