Жер бетіндегі ең ірі 18 өзеннің арнасы шөгіп барады. Олардың қатарында әлемге әйгілі Ніл мен Амазонка өзендерінің де аты аталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қазір дүниежүзіндегі ең ірі өзен арналары теңіз деңгейінің көтерілуінен гөрі, өздері тезірек шөгіп барады. Бұл жағдай миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп, су басу мен топырақтың тұздану қаупін күшейтіп отыр.
Жаңа зерттеуде Ніл, Амазонка және Ганг өзендерінің атыраулары ең қауіпті аймақтардың қатарында тұр. Бұлардың шөгу жылдамдығы қазірдің өзінде теңіз деңгейінің көтерілуінен асып кеткен. Сарапшылар бұған климат өзгерісінен бұрын, адам әрекетінің көбірек әсер етіп жатқанын анықтады.
Зерттеуге 2014-2023 жылдар аралығында әлемнің ең ірі 40 өзенінің арнасы спутник арқылы бақыланды. Ғалымдар 18 өзеннің ардасы жыл сайын орта есеппен 4 миллиметрден артық шөгіп жатқанын анықтады. Бұл әлемдік теңіз деңгейінің көтерілу қарқынынан жоғары. Әсіресе, Тайландтағы Чао-Прайя, Индонезиядағы Брантас және Қытайдағы Хуанхэ өзендерінің атырауы жылына 8 миллиметрге дейін төмендеп барады.
Ғалымдар бұл проблеманың негізгі себебі жерасты суының көп алынуы дейді. Миллиондаған адам тұратын ірі қалаларда ауыз су мен ауыл шаруашылығы үшін жер астынан су көптеп алынғандықтан, топырақ қабаттары тез шөгеді. Одан бөлек, өзендердің табиғи тұнба тасымалына бөгеттер орнатып, су ағысын бұрғандықтан, атырауларды құм мен лайдың шөгуі тоқтаған. Мысалы, АҚШ-тағы Миссисипи өзені 1932 жылдан бері 5 мың шаршы шақырымнан астам жерінен айырылып қалған.
Зерттеу авторы Манучехр Ширзаейдің айтуынша, «Бұл жағдайды шешуге болады. Ол үшін жер астынан алынатын суды азайтып, өзендердің табиғи ағымын сақтап, қалаларда үлкен ғимараттар салуды шектеу керек. Сонда ғана атырауларды құтқарып қалуға мүмкіндік бар».
Қазір әлемнің өзен атырауларында 350-500 миллион адам тұрады, олардың арасында әлемнің ең ірі қалалары да бар. Егер осы мәселе шешілмесе, ондаған миллион адам су басу қаупіне тап болуы мүмкін.
Ғалымдардың айтуынша, адам әрекетін өзгерту арқылы ғана өзен атырауларын сақтап қалуға болады. Климат өзгерісімен күресіп, табиғи тепе-теңдікті сақтасақ, болашақта ірі апаттардан құтыла аламыз.
Білесіз бе, Франция президенті Эммануэль Макрон Давостағы форумға «авиатор» стиліндегі көзілдірік тағып шыққаннан кейін, италиялық iVision Tech компаниясының акциясы бір тәулікте 28 пайызға қымбаттады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

