Президент Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты әріптестік бойынша келіссөз жүргізетін өкілін тағайындады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент жарлығымен осы міндет тәжірибелі дипломат Ержан Қазыханға жүктелді.
«Ержан Қазыхан Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы маңызды мәселелер бойынша келіссөздерде Президент өкілі қызметін атқарады», – делінген құжатта.
Ерекең Петербор университетінің түлегі. 2008 жылы экс-президент Назарбаевтың көмекшісі қызметінде болды. 2011-2012 жылдары Сыртқы істерді басқарды.
Қазыхан 2025 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі. Ол төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесіне ие, төрт орденнің иегері.
Қазақстанның сыртқы саясаты мен көпжақты дипломатия тақырыбында көптеген сараптамалық мақалалар жазған. Ағылшын және араб тілдерін еркін меңгерген.
Айта кетейік, президент Тоқаев 2025 жылы 16 жұмыс сапарын жасаса, соның екеуі Ақ үйге бағытталған еді. Бұған дейін АҚШ елшісіне сенім грамотасын табыстаған Тоқаев Астананың екі ел арасындағы стратегиялық байланысты нығайтуға мүдделі екенін ерекше атап өткен.
АҚШ-тың еліміздегі елшісі Джули Стаффт та осы мәселеге ерекше екпін беріп:
«Тоқаев пен Трамп өзара тұрақты әрі сенімді байланыс орнатты. Жақын арада қос басшының тағы бір кездесуі жоспарланған. Ақ үй бізді толық қолдап отыр. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас бұдан әрі де тереңдей түседі. Ал бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр», – деген болатын.
Дипломат Ресей мен Қытайдың ықпалына қарсы тұруды, Қазақстанға инвестиция тартуды және мұнай экспортында Мәскеуді айналып өтетін тың маршруттарды дамытуды көздеп отыр.
«Америка үшін Қазақстанның тұрақты, тәуелсіз әрі экономикалық тұрғыдан қуатты болғаны керек», – деген еді ол бұған дейін.
Айта кетелік, Тоқаевтың Уашиңтон сапарынан кейін Құрама Штаттар еліміздің сирек метал саласына қомақты инвестиция құюға шешім қабылдаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

