Ақтауда отбасы институтын дамыту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отбасы және қоғам: жаңа мүмкіндіктер кезеңі» атты өңірлік форум өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты және Жаңаөзендегі «Аналар кабинеті» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен арнайы делегациялар қатысты.
Форумның мақсаты отбасы институтын нығайтып, ұлттық тәрбиені насихаттау, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру.
Жиынға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев отбасы құндылығын күшейту мен қоғамдағы ананың рөлін ерекше атап өтті.
Шарада халық емшісі Қаламқас Күлбарақова, психолог Елжас Ертайұлы, Қызылорда облысындағы «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова сөз алды. Сондай-ақ «Astana» арнасының бас продюсері, көпбалалы ана Мейрамгүл Мәдәлі және қоғам қайраткерлері, білім саласының мамандары мен кәсіпкерлер тәжірибесімен бөлісті.
Форумға Астана, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан арнайы өкілдер келді. Шара соңында қатысушылар отбасы институтын нығайту бағытында ұсыныстарын ортаға салды.
Осыған дейін Маңғыстау облысында құны 300 млн доллар болатын жаңа теңіз портының құрылысы басталатынын жазған едік.

