Келер жылдан бастап көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы 10 пайызға артады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2025 жылдың басынан бері елімізде 848 мыңға жуық көпбалалы отбасы мен марапатталған аналарға жалпы сомасы 555 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленген. Биыл қаңтарда төлемдер 6,5 пайызға индексацияланған болатын. Бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі 600 мыңнан астам көпбалалы отбасыға тиесілі.
Ал мемлекеттік наградалармен марапатталған 244 мыңға жуық ана ай сайынғы тұрақты қолдауға ие. Қараша айының өзінде 860 мыңнан астам адам жалпы сомасы 54 миллиард теңгеге жуық жәрдемақы алған.
Ведомство өкілдері жәрдемақының мөлшері отбасы табысына тәуелсіз, тек бала санына байланысты белгіленетінін атап өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Алтынай Сейсембаева елде дүниеге келген әрбір үшінші бала көпбалалы отбасында туатынын айтты.
«2025 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша, 4 және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар 604 189 отбасыға жалпы сомасы 484 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Еліміздің Әлеуметтік кодексіне сәйкес, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі. 2026 жылдың басынан бастап бұл жәрдемақылардың мөлшері тағы да 10 пайызға ұлғаяды», – деді сарапшы.
Бұған дейін вице-премьер Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің бағамен күресті күшейтетінін хабарлаған.

