Қазақстанда SIM-карта сатып алу және белсендіру тәртібі биометриялық сәйкестендіруге көшті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ереженің не себепті енгізілгенін Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Рәстислав Коняшкин мен Телекоммуникация комитетінің басшысы Дамир Сейсембеков түсіндіріп берді.
Коняшкиннің айтуынша, бастама интернет-алаяқтықтың көбейгенімен байланысты.
Бұрын нөмірлер кім көрінгеннің атына тіркеліп, құқық қорғаушылардың алаяқтарды анықтауына айтарлықтай қиындық туғызған еді. Енді мемлекет әрбір нөмірдің нақты иесін білуге және оның заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғын бақылауға мүдделі.
«SIM-картаның иесі кім екенін нақты білуіміз қажет. Нөмірлерді заңсыз мақсатта пайдалануға тосқауыл қою үшін, биометриялық сәйкестендіру енгізілді», – деді ол.
3 қаңтардан бастап бастап не өзгерді?
Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, биылғы 3 қаңтардан бастап онлайн сатып алынатын SIM-карталар мен ұялы операторлардың мобильді қосымшаларындағы барлық операциялар тек биометриямен рәсімделеді.
Ал операторлардың ресми орталығынан жеке куәлікті көрсетіп, дәстүрлі тәсілмен SIM-карта сатып алу бұрынғыдай жалғаса береді.
Егер SIM-карта қарапайым дүкеннен сатып алынса, ол автоматты түрде қосылмайды. Байланысты пайдалану үшін ИИН арқылы биометрияны міндетті түрде тапсыру керек. Ол үшін қолданушы SIM-картаны смартфонға орнатқан сәтте оператордан SMS арқылы арнайы сілтеме немесе нұсқаулық келеді. Әрі қарай биометриялық сәйкестендіру оператордың қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Сейсембеков дүкендерде SIM-карта сатуға толық тыйым салынбағанын, алайда биометриялық сәйкестендіруден өтпеген нөмірлердің белсенді болмайтынын баса айтты. Смартфон ұстамайтын немесе цифрлы қызметтерді меңгеруге қиналатын тұрғындар операторлардың ресми орталықтарынан көмек ала алады. Сондай-ақ, ведомство бір адамға он SIM-картадан артық рәсімдеуге рұқсат жоқ екенін растады.
Бұған дейін біз 2026 жылдың үнсіз келген өзгерістері туралы егжей-тегжейлі жазған едік. Биыл ел күтетін жаңалықтың көбі қалтаға салмақ салатын өзгерістер.
Ел экономикасына әсер ететін тағы бір маңызды жаңалық жаңа Салық кодексінің қолданысқа енуі. Осыған байланысты қосылған құн салығының мөлшері 16 пайызға көтеріледі. Сарапшылар өзгеріс тұрғын үй нарығын қымбаттатады деп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

