25 желтоқсанда Ақтауда Әзербайжан ұшағы апатқа ұшырады. Тосын жайт 38 адамның өмірін жалмады. Ішінде қазақстандықтар да бар. ErtenMedia.kz қайғылы апатқа байланысты авиациялық сарапшы Абыл Кекілбаевтың пікірін сұрады.
«Апатқа ұшыраған Embraer — заманауи ұшақ»
Сарапшының сөзінше, апатқа ұшыраған Embraer моделі — заманауи ұшақтардың бірі, қолданыста болғанына 20 жылдай уақыт болған.
«Бұл модель бүгінгі талапқа сай келетін ұшақтардың бірі саналады. Осы типтегі ұшақ апатынан адамдардың өмірі үзілген үш оқиға болған. Біреуінде адами фактор болған, біреуінде техникалық ақаулар шыққан, үшіншісі — осы апат. Бүгінгі кезге дейін бұл типтегі ұшақтар ұшу қауіпсіздігі жөнінен жоғары бағаланды. Әлемдегі көп авиакомпанияда 100-120 жолаушы тасымалдайтын бағыттарда пайдаланылды. Бұл — көптеген әуекомпанияның флотында болған ұшақ», — дейді ол.
Абыл Кекілбаевтың пікіріне сүйенсек, бұл маркадағы ұшақ Қазақстандағы танымал әуекомпаниясында да қолданылған.
«Air Astana әуе компаниясында осындай ұшақтар болды. Олар өздерінің әуе кемелерін унификация жасау үшін жақында ғана Embraer маркасынан бас тартқан болатын. Енді бұл ұшақтарды өзінің тіркеуінен біртіндеп шығарып жатыр. Бірақ бұл ұшу қауіпсіздігіне байланысты емес. Air Astana Airbus-320, Airbus-321 ұшақтарын пайдаланғандықтан, бұл — әуекомпанияның бизнес моделіне байланысты қабылданған шешім. Ұшқыштар да, инженерлер де сол Airbus-тың инженерлері, ұшқыштары болған соң, екінші модель — Embraer-ге бөлек ұшқыштар мен инженерлерді ұстау керек болды. Осылайша бір маркалы ұшақтарды пайдалануды ұйғарды», — деді сарапшы.
«Техникалық жағынан кемшілік болуы мүмкін емес»
Бұған дейін БАҚ-та дәл осы апатқа ұшыраған ұшақ 22 желтоқсанда Түркияның әуежайларының бірінде ұшу-қону жолағынан шығып кеткені жөнінде ақпарат тарады. Алайда қазақстандық авиациялық сарапшының сөзінше, әуе кемесінде қандай да бір кемшілік болса, мамандар ұшуға қабылдамаған болар еді.
«Түркиядағы жағдайдан кейін мұқият тексерілген шығар. Тергеу кезінде жауапты мамандар ол сұрақтарды көтереді деп ойлаймын. Азаматтық авиация саласындағы қағидалардың бәрі адамдардың қанымен жазылған, сондықтан ұшқыштарды болсын, диспетчерлерді болсын, инженерлерді болсын — бәрімізді оқуға түскенде осы қағидаға үйретеді», — деді ол.
Сондай-ақ, маман ресми түрде тергеу нәтижесі шыққанға дейін қандай да бір болжам жасаған жөн емес екенін айтып, халықты да күтуге шақырды.
«Қазір бәрі ұшақтың апатқа ұшырау себептерін сұрап жатыр. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық конвенцияға сәйкес, ресми себептері айтылмағанша, ешқандай қорытынды беруге рұқсат берілмейді. Бұл — талап», — деді сарапшы.
«Бір емес, бірнеше қара жәшік болуы мүмкін»
Абыл Кекілбаевтың сөзінше, қара жәшіктегі ақпарат ашылғаннан кейін тергеу жүргізіп жатқан комиссия апатқа себеп болған жағдайдың бәрін анықтайды, ал бұл жұмыс бір айдың ішінде жасалуы керек.
«Азаматтық авиация саласындағы қағидаларға сүйенсек, тергеушілер халықаралық азаматтық авиация ұйымына мәлімдеме беруі керек. Жалпы осы рәсімдердің бәрі — нақты қорытынды шығару, ресми түрде бекіту бір айдан көп уақыт алуы мүмкін. Кейбір апаттар кезінде қара жәшіктер табылмай қалады, судың астына кетеді, таудың бір жерінде қалады. Ал бұл апатта қара жәшік табылды. Осы ұшақты құрастырған бразилиялық зауыттың өкілдері де келді. Қара жәшікті кім болса сол ашып, ішіндегі ақпаратты ала алмайды. Оған қоса Embraer-дің қара жәшіктері басқа ұшақтардың қара жәшіктеріне қарағанда өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан оны ашу үшін арнайы орталықтарда жұмыс жасалады. Бұл уақыт алуы мүмкін. Ұшақты өндірушілер, апат болған елдің мамандары, ұшақ тіркелген мемлекеттің өкілдері, әуекомпания тіркелген елдер қара жәшікті ашуға қатысады», — деді ол.
Айта кетейік, 27 желтоқсанда бразилиялық өндірушілер Ақтауға келді.
Сарапшы қара жәшікте қандай құпия қатталғанын да айтты.
«Ұшақтың бақылау органдары жоқ болды деген ресми ақпарат бар. Қара жәшіктегі ақпарат өте құнды, ол тікелей ұшақтың қозғалтқыштарынан, ұшақтың әртүрлі «датчиктерінен» тікелей ақпарат алып, өзіне жазып отырады. Ол жерде экипаждың бір-бірімен сөйлескен әңгімелері, диспетчерлермен арадағы әңгіме жазылуы керек. Әртүрлі қара жәшіктер болады. Бұл заманауи ұшақ болғандықтан, қара жәшікте бәрі сақталды деген үмітіміз бар. Ал ұшақ өртенгеннен кейін қара жәшіктің ішінде ақпарат сақталды ма, сақталған жоқ па — оны сараптама анықтайды. Ұшақтың жылдамдығы, ұшқан биіктігі, басқару органдарының жұмысы — бәрін қара жәшіктегі ақпаратпен салыстырып, нақты айтуға болады. Бір ұшақтың ішінде бірнеше қара жәшік те болады», — деді маман.
«Жазық жерде құтқару жұмыстары оңай болады»
Қазір ұшақ апатына қатысты түрлі болжам, пікір, қауесет тарап жүр. Соның ішінде экипаждың жұмысына қатысты пікір де бар. Авиация саласындағы маман ұшқыштар ерлік жасады деп санайды.
«Апат болғаннан бастап ұшқыштардың ерлігін айтып жатырмын, себебі олар алғашында қона алмаған соң елді мекеннің үстінен ұшып, жазық жерге қонып көруге тырысты. Осы әрекеттердің арқасында 29 адамның өмірін сақтап қалды. Басқа жағдайда ұшақ қалай қонатынын Құдай біледі. Суға неге қонбады дегенге қатысты: ұшқыштар әуежайға жетеміз деп есептеген болуы мүмкін. Ұшқыштардың шешіміне диспетчер де, басқа да сұрақ қоймайды. Себебі ұшақтың тәжірибелі басшысы солай шешім қабылдаған соң ешқашан да ұшақтың командирінің шешіміне ешкім сұрақ қоя алмайды. Бұл ұшақтағы ұшқыштың он бес мың сағаттай тәжірибесі бар екен, оның он бір мыңнан астамында ұшақ командирі ретінде тәжірибе жинақтаған. Ол авиация саласындағы өте тәжірибелі ұшқыш болып саналады.», — деді ол.
Сондай-ақ, сарапшы ұшақ суға қонғанда жағдай тіпті қиын болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Суға қонатын болса, дәл осылай ұшақ жанып кетуі де мүмкін еді, бөлініп кетуі де мүмкін еді. Ұшқыштар оны да ескерді деп ойлаймын. Жазық жерде құтқару жұмыстарын өткізу оңайлау. Себебі суда қаза тапқандарды анықтау, зардап шеккендерге көмектесу қиынға соғар еді. Олардың өміріне үлкен қауіп болуы мүмкін. Олар аман қалғанның өзінде сумен арпалысып жүріп, өмірлерін сақтай алмай қалар едік», — деп түйіндеді әңгімесін ол.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. 29 адам аман қалды.