Ақмола облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологияларға ерекше басымдық берілуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі мен Freedom Holding компаниясы Қосшы қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жүйесін түбегейлі жаңартты. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған 500 бейнекамераға қосымша 1000 жаңа құрылғы орнатылып, барлығы бір орталықтан – жаңа жедел басқару орталығынан бақыланады.
Жүйенің басты ерекшелігі жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануында. Соның арқасында коммуналдық мәселелер, қараусыз жүрген жануарлар мен жолдардың жай-күйі дер кезінде анықталып, тез арада тиісті шаралар қабылданады. Осылайша, жоба «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» концепцияларын бір арнада тоғыстырған.
Сонымен бірге Ақмола облысында «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» атты өңірлік жоба да жүзеге асып жатыр. Бұл жоба аумақты жоғарыдан автоматты түрде бақылап, қала инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы және орман алқаптарын тұрақты түрде қадағалауға мүмкіндік береді.
Дрондардың көмегімен орман мен даладағы өрт ошақтары, заңсыз қоқыс орындары, рұқсатсыз салынған құрылыс нысандары және жылу шығындары тез арада анықталып, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі цифрлық мүмкіндіктердің қоғамдық өмірдегі тиімділігін көрсетеді.
Таяуда ҚазҰУ-де дрондар саласын дамытуды көздейтін меморандумға қол қойды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

